Қамауға алынған адамдар саны елеулі түрде азайды - Бас прокуратура

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда бас бостандығынан айыруға сотталғандар  саны үштен бір бөлікке азайды. Бұл туралы Бас прокуратурада Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жиында қылмыстық процесте азаматтардың қорғалу деңгейін көтеру, оның әсіре қатаңдығын төмендету, қылмыстық сот ісін жүргізу нысандарын оңтайландыру бойынша уәкілетті органдар қабылдап жатқан шаралар туралы баяндамалар тыңдалды.

«Қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманы жаңғыртуға бағытталған Заң қолданыста болған 7 ай ішінде ұсталғандар (9 789-дан 6 508-ге дейін), күзетпен ұсталғандар (8 835-тен 6 148-ге дейін) және бас бостандығынан айыруға сотталғандар (12 414-тен 4 231-ге дейін) саны үштен бір бөлікке азайды», - делінген Бас прокуратураның мәліметінде.

Атап айтқанда, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау мақсатында сотқа барлық тергеу әрекеттерін санкциялау бойынша өкілеттіктерді кезең-кезеңмен беру аяқталды. Ағымдағы жылдың наурызынан бастап соттар жасырын тергеу әрекеттерін жүргізуге 8 мың санкция берген. Бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен 600-ден астам іс аяқталған.

Бас прокурор жасырын тергеу әрекеттеріне бастама жасау кезінде заңдылықтың және азаматтардың құқықтарының бұзылуына жол берілмеуіне, азаматтарды негізсіз ұстау фактілерін болдырмауға, сондай-ақ дәлелдемелерді жинау бойынша адвокаттардың өкілеттіктерін іске асыру кепілдігінің қамтамасыз етілуіне айрықша көңіл аударды.

Бұдан бұрын хабарланғандай, үйлестіру кеңесінің отырысында Қазақстанда 5 мың іс электронды түрде тергелгендігі айтылды.

 

Соңғы жаңалықтар