Камал Әбдірахман, Қабанбай батыр кесенесінің шырақшысы: Тар заманды бастан кешіп, кең заманды аңсаған елміз

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында төл тарихымызға оң көзқарастың қажет екендігі айтылады.

Онда Тұңғыш Президент: «Бірақ қандай да бір тарихи оқиғаны таңдамалы және конъюнктуралық тұрғыдан ғана сипаттаумен шектелуге болмайды. Ақ пен қара – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Бұлар өзара бірлескенде жеке адамдардың да, тұтас халықтардың да өміріне қайталанбас реңк береді. Біздің тарихымызда қасіретті сәттер мен қайғылы оқиғалар, сұрапыл соғыстар мен қақтығыстар, әлеуметтік тұрғыдан қауіпті сынақтар мен саяси қуғын-сүргіндер аз болмады. Мұны ұмытуға хақымыз жоқ. Көпқырлы әрі ауқымды тарихымызды дұрыс түсініп, қабылдай білуіміз керек. Біз басқа халықтардың рөлін төмендетіп, өзіміздің ұлылығымызды көрсетейін деп отырғанымыз жоқ. Ең бастысы, біз нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, жаһандық тарихтағы өз рөлімізді байыппен әрі дұрыс пайымдауға тиіспіз» деген болатын.

Қазақ даласы – Ұлы Түркі дүниесінің қара шаңырағы. Алтай мен Атыраудың, Жайық пен Іленің, Алатау мен Сарыарқаның арасын Жібек жолы жалғаған кешегі заманды біз қайта түлетіп жатырмыз. Кешегі Жібек жолы бүгінде жаңа дәуірдің керуенді көшін жалғастырып, жаңа белестерге бастады. Әрбір сөздің салмағы болатындай, іске асқан әр дүниенің себебі бар. Халқымыздың қай мұрасын алсақ та, одан тек үлгі мен өнеге, ақыл мен парасат, адамгершілік пен иман, достық пен бауырымдылық айқын ажарланып, анық танылады. Осы ретте журналист Махат Садық Қаракерей Қабанбай батыр кесенесінің шырақшысы, мәдениет қайраткері Камал Әбдірахманмен сұхбаттасқан болатын.

Махат Садық:

Қаракерей Қабанбай батырдың кесенесінің ашылғанына да осы күндері тұп – тұра жиырма жыл толған екен. Осы тарихи сәтте Нұрсұлтан Назарбаевтың «қазақтың өзіндік ұлттық қасиеттерінің қайта қалыптасуына қамқорлық жасау – менің Президенттік те, перзенттік парызым»,- деген сөздері еске оралады. Кесененің ашылу салтанатында сол жылдардағы Мемлекеттік хатшы, әйгілі жазушы Әбіш Кекілбаевтың жасаған арнайы баяндамасынан бір цитата келтірейік: «Бүгін біздің басымызды халқымыздың өткеніне деген ыстық ықылас, арғы – бергі бабаларымыздың аруағына деген перзенттік парыз қосып тұр. Ел аузындағы, дастандардағы және қолда бар құжаттардағы деректердің арасындағы орайластық Есіл мен Нұра аралығындағы бұл қара орынның Қаракерей Қабанбайға тегін телініп жүрмегендігін аңғарта алғандай. Оның үстіне, туған жерін қорғап, туған елін талай рет құрып кету қаупінен сақтап қала алған Қабанбайдай бабаларымыздың аруағына қашан, қайда, қанша уақыт тәуеп етсек те, көптік қылмайды».

Камал Әбдірахман:

- Иә, 2000 жылдың мамыр айында Қаракерей Қабанбай батырдың кесенесін салу қолға алынды. Араға алты ай салып, қарашаның 3 жұлдызында кесене жанына қалың қазақ жұрты жиналды. Алматы, Қарағанды, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Жезқазған қаласы, Ақмолада тұрып жатқан Талдықорған өңіріндегі Алакөл ауданы мен Семей өңірінің Үржар ауданының азаматтары, Ауылшаруашылығы мен Қаржы министрліктері, Кеден комитеті киіз үйлер тікті. Салтанатты Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Әбіш Кекілбаев ашып баяндама жасады.

Кесене Қабанбай батырдың құлаған көне моласының үстіне, осы маңдағы ең биік жотаға, теңіз деңгейінен 491 метр биіктікке орнатылды. Солтүстікке қарай Қабанбайдың үш бұлағы бар. Жергілікті жұрттың айтуында атамыз дүниеден өткенде ауыл сол жерде отырыпты. Өкініштісі-бұлақ орыны айдай анық көрінсе де, суы тартылған. Кесене маңында елуге жуық мола бар. Бұл Байжігіттердің әулеттік қорымы сияқты. 2001-2003 жылдары археологиялық сараптама жасалып, мамандар молалардың орнын белгіледі. Бұл молаларға қазақтың көне дәстүрімен тас қойдық.

Махат Садық:

Қабанбай батыр мен осы жерді байланыстыратын деректер бар ма?

Камал Әбдірахман:

- Қазір кесене тұрғызылған жерді осы осындағы жұрт «Найман қорым» және «Қаракерей Қабанбайдың ақ моласы», «Қабанбай тауы» дейді. Тарих ғылымдарының докторы Н. Апполова «Қазақстанның ХVІІ- ХҮІІІ ғасырдағы Россиямен экономикалық және саяси байланыстары» атты еңбегінде: «ХVІІІ ғасырдың қырқыншы- алпысыншы жылдары қауымдық жерлерді иелену аяқталды. Мысалы, Қабанбай батыр Есіл мен Нұрада көшіп жүрді» деп жазылған. 1760 жылдардың аяғындағы нақ осындай деректі мәскеулік туысымыз, тарих ғылымының докторы Н. Бекмаханова «Легенда о невидимке» деген кітабында «Қабанбай батыр Есіл-Нұра арасында көшіп, Көкшеге дейін жайлайтын. Қабанбай батырмен қатар керей Құлсары батыр көшті» деп атап жазады. Айтып отырған кезеңі 1762-1768 жыл. Ар жағындағы бірер жылда Қаракерей Қабанбай батыр «от орнында»- Арқадағы Нұра өзенінің жағасында дүниеден өтті.

Бері таман түссек, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұхтарбек Кәрімов 1991 жыл мынадай деректі жазыпты: «Профессор, тарих ғылымдарының докторы Нәби Дауылбаевтан дәріс алдым. Ол кісі Ақмола өңірінен. Сонда ол кісі «Қаракерей Қабанбай батырдың сүйегі Ақмоладан отыз шақырым жердегі «Октябрь совхозының территориясында жатыр» деп үйрететін. Бұл бүгін кесене тұрған орын».

Тура осындай деректі Қазақ Мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымының докторы Байтұрсын Дәрішев те үнемі шәкірттеріне сіңіріп отырады екен. Тарих ғылымының докторы Едіге Уәлиханов соны бір дерек келтірді. Бұлардың бәрі тарих деректеріне сүйеніп отырған ғалымдар, архивте жылдап отырған азаматтар. Күні кеше кеңес үкіметі құлағанша Семей, Өскемен, Талдықорған өңірінде Қаракерей Қабанбай, оның аталастары, ата-бабалары, ұрпағы, замандастарына байланыстырыла қойылған топономикалық атау бар ма еді? Ал Арқада ше? Арқаның картасында ғана Байжігіт, Жанжігіт, Мәмбет, Қожақұл, Шүңет, Шахаман, Әлі, Мырзакелді, Садырбай, Жангөбек, Байгөбек, Кешу, Жолымбет, Еспенбет, Есенгелді, Ағанас, Қалытон, Ақымбет, Шағалақ, Жапақ, Жайнақ, Шоқай атаулары кезігеді. Қытайдағы қазақ ғалымдарының ағасы, қазақ тарихының аса білгірі Нығмет ата Мыңжан қазақ хандығы шаңырақ көтергенде наймандар негізінен, Сыр бойында, Ұлытаудан тартып, солтүстікке қарай Есіл-Нұрада, одан әрі мекендегенін отыз жыл бұрын «Қазақтың қысқаша тарихы» атты кітабында жазып қалдырған. Ақмола жайлы сөз қозғаған соң мына бір деректерге соқпай кетуге болмайды. 1846 жылғы 31 мамырда Адольф Янушкевич «Даланың болашақ астанасы- Ақмола» деп жазып кетіпті. Бұған не дерсіз? Одан әрі Янушкеевич Құнанбай Өскенбаевты жер-көкке сиғызбай мақтай келе, оның алты айлық Ибраһим деген баласы бар екенін айта кетеді. Абай ғой!

Қазақ тарихының білгірі, тарихшы, академик Манаш Қозыбаев Қаракерей Қабанбай батырдың кесенесіне үш рет келді. Үнемі адам көп кезде ат басын тірейді. Сол ғалымның былай дегені бар: «Сен, Камал, айналайын, мына кесене салынбай тұрып-ақ маған келгенсің. Сонда не айттым? Негізінде, әрбір тарихи оқиға, тарихи факті, тарихи тұлға үш фактор арқылы мойындалады, сөйтіп қана тарихи шындық ретінде қабылданады. Ол, бірінші – халықтың мойындауы, екінші – тарихи дәлелдердің сәйкестігі, үшінші – мемлекет тұрғысынан мойындау. Ара-тұра, бірінші фактор қазақ жағдайында жазба дерек емес, шежіреге сүйенетіндіктен тура болмайды. Оны қосымша дәлелдеу қажет. Енді, нақтылы Қаракерей Қабанбай батырға келсек, дастандарда айтылатыны – Арқа, оның ішінде Нұра бойы. Қабанбай атамыздың жағдайында бұл фактор халықтық тұрғыдан толық мойындалған».

Махат Садық:

Тәуелсіздік дәуірі бізді ұлы істерге ұмтылдырып отыр. Бұл тарапта халқымыздың, әсіресе енді жетіліп келе жатқан жас ұрпақтың тарихи санасын дұрыс қалыптастыру аса өрелі міндет. Оның жолдары қандай? Ол өткенді терең білуден, бүгінді дұрыс пайымдап, ертеңгі күнге дұрыс қамданудан басталады. Елорда іргесінде Ұлттық пантеонның салынуы да мына жарық әлемге аспаннан топ ете түспегенімізді қаперге салып отырады. Бізге дейін де елді ойлаған ғаламат тұлғалардың бұл пәниден өткенін ұғамыз. Бүгінгі біздің де тынымсыз еңбек пен ізгі мұраттарға ұмтылған өрелі істеріміз – ертең келетін келешек жеткіншектердің елдік ережесіне айналарына иланамыз.

«Жері жоқ ел мемлекет құра алмайды, жері жоқ ел өмір сүре алмайды» деген екен ғұндардың көсемі Мөде бабамыз. Бізде ұлан – байтақ жер де бар. Ынтымағы жарасқан ел де бар. Мемлекеттің ғұмыры да сол елде өмір сүретін адамдардың тағдырына байланысты. Біздің мақсатымыз да жаңа замандағы жаңа тұрпаттағы мемлекетімізді сақтап қалу үшін Мәңгілік елге қызмет жасау жолында еңбектеніп жатырмыз. Ел мен ердің бірлігі – бірнеше ұлттар мен ұлыстар пана тапқан Қазақстанымыздың қам-қарақеті осындай ғой.

Камал Әбдірахман:

Өте орынды айттыңыз Махат бауырым. Қаракерей Қабанбай батырдың ұрпақтан ұрпақтың санасына енген асыл сөзін тыңдаңызшы.

«Атымды кім бұрын аузына алса, соны қолдаймын» деген ғой. Бұл ата-бабаларымыздың «бірлік бар жерде – тірлік бар» деген ұлы өсиетін еске салады. Бірлік – бұрын да, қазір де халқымыздың ұлан тарихындағы ұлы сөз. Қазақты аман сақтаған да, ұлттық қасиетін асқақтатқан да осы сөз.

Бұл жерде Ұлттық Пантеонның салынуы да батырдың ел бірлігін ойлаған асыл қасиетінен деп ойлаймын. 2013 жылы күзде алғашқы болып Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы, мемлекет және қоғам қайраткері Орал Мұхамеджанов жерленді.

Замандасым, халқымыздың ұлы ақыны-осы батыр кесенесі жанындағы Ұлттық пантеонда жерленген Фариза Оңғарсынованың «Қабанбайдай қас батыр» өлеңінде мынандай ұлағатты жодар бар.

Халқымның бүгінгі тірлігі,

Тұтастығы мен бірлігі...

Әзірге елімнің бірлігін

Ұш арқау ұстап тұр бүгін;

Бірінші арқауым тіл – нұрым,

Екіншісі - әнім, жыр – мұңым,

Үшіншісі қыздар қыр – гүлім,

Батыс пен Шығыс арасын,

Түстік пен Арқа даласын

Біріне бірін жау етпей,

Келін боп ашар түндігін.

Хақ тәңіріме тағзым қылайын,

Тыныстап бір тынайын,

Аруақ қонған ел едік-

Қолдай көр бізді ылайым.

Қабанбайлардың ұрпағы

Қарагер атқа қонбас па,

Батыс – Шығыс, Түстігім,

Қыран көзімен шолмас па.

Осы өлең жолдары - өткен кезеңдерге жіті көзбен зер салуға үндейді. Бұл дегеніміз байқағандарымыз бен тапқандарымызды ортаға салуға міндеттейді. Бағзыдан қалған мұраларымызды жаңаша ойлау заманының қөзқарасы тұрғысынан қайта байыптауға үйретеді. Олай дейтінім біз талайды көрген халықпыз. Тар заманды бастан кешіп, кең заманды аңсаған елміз. Бұл күнге біз жеттік, біздің ұрпақ жетті. Ендігі парызымыз ертеңгі жас ұрпақ – кемел келешегіміздің тірегі осыны бағалап, жалғастыра білуінде. «Бақыт – бағалай білгендікі» дейді дана халық. Ал ол ғасырлар бойы азаттыққа ұмтылған арлан еліміздің қай кезде де көшін бастаған ұлы тұлғаларымызды ұлықтай білуде. Елім деген ерлердің ел есіндегі ерліктері бізге дастан – жырлармен жалғасып біздерге жетті. Қазір сол бабаларымызға еңселі ескерткіштер орнатудамыз. Бұл асқақ рух көрінісі деп білемін.

Қабанбай батыр бейнесі сомдалған ескерткіштерге тоқталып өтсем деймін. Алғашқы ескерткіш 2005 жылығы тамыздың 19 жұлдызында Алматы облысының өңіріндегі Үшарал қаласының бастысындағы тоғыз жолдың торабына қойылды. Семейде, Өскеменде, Үржарда, Мақаншыда, Талдықорғанда, Түркістанда, Шымкентте ескерткіштер қойылған. 2004 жылы Ыстанбұл қаласындағы Атакөй ауданында ескерткіш орнатылды. Қытай Халық Республикасында да қойылыпты.

Махат Садық:

Қамал аға сіз бен біз әріптес екенбіз. Журналистика факультетін 1973 жылы бітіріп, Талдықорған облыстық «Октябрь Туы» газетінде қызметіңізді бастапсыз. Облыстық «Қазақ тілі» қоғамын, Мәдениет басқармасына жетекшілік жасапсыз. 2000 жылдан бері Қабанбай батыр кесенесі ашылғаннан бері Батыр бабамызға шырақшы болып келесіз. Содан бергі уақыттарда Қаракерей Қабанбай батырдың мұрасын жинап кітап шығардыңыз. Алда да тарихымыздің тереңінде жатқан асыл мұраларды зерттеп, еліміздің мәдени мұрасына қосар үлесіңіз жалағастығын тапсын дегім келеді.

Соңғы жаңалықтар