Қалың қар жауған Атырауда 190 адам құлап, жарақат алған

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда күн райының қолайсыздығынан 2,5 күнде 190 адам жарақат алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облыстық ауруханасы травматология бөлімшесінің меңгерушісі Асхат Бисенғалиевтің дерегіне сүйенсек, кейінгі үш күнде жарақат алған адамдар күрт көбейген.

«Біздің бөлімшеге бұған дейін күн сайын жарақат алған 30-35 адам жүгінетін еді. Қалың қар жауғаннан кейін жарақатымен келетін адамдар саны көбейіп отыр. Мәселен, 6 ақпанда 55, 7 ақпанда 70 адамды қабылдадық. Бүгін, 8 ақпанда түске дейін бөлімшеге түрлі жарақаты бар 65 адам келді. Олардың бәрі құлағаннан зардап шеккен. Көпшілігі қолын сындырып алған. Жарақат алғандардың бәріне медициналық көмек көрсетілді. Адамдар дүкен мен дәріхананың маңында жиі құлайды. Құлаған кезде жерді қолымен тіреп, сындырып алады. Тобығы мен желке тұсы сынған тұрғындар да бар», - дейді Асхат Бисенғалиев.

Оның айтуынша, зардап шеккендер – әртүрлі жас ерекшелігіндегі адамдар. Олардың арасында егде жастағылар да, жастар да бар.

«Зардап шеккен адамның сынығы күрделі санатқа жатқызылса, науқас 2-3 ай емделеді. Жеңіл санаттағы сынығы бар адамдар 1 айдың ішінде сауығады», - деп мәлім етті Асхат Бисенғалиев.

Сондай-ақ, кеше, 7 ақпанда аурухананың травматология бөлімшесіне көлік қаққан 3 адам түскен. Зардап шегушінің біреуі ауруханаға жатқызылған. Дәрігерлердің медициналық көмегінен кейін 2 адам үйіне жіберілген. Олар ем-дом шарасын өз үйінде жалғастырады.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауды қалың қар басып, көлік қозғалысы қиындағанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар