Қалмұханбет Қасымов Елбасы тапсырмасын орындай алмай жатқанын айтты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Полицияны жеке видеотіркеуіштермен жабдықтау туралы Елбасының тапсырмасы толық орындалмады. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрдің айтуынша, биыл жалпы алғанда көптеген қылмыс түрлері төмендеді. Аса ауыр, ауыр, сондай-ақ ауырлығы орташа қылмыс түрлерінің саны азайды. Оның ішінде ұрлық, тонау, бұзақылық, зорлау және басқа да қылмыстар, бұрын сотталғандар, кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстар азаюда. Қоғамдық орындардағы қылмыс, оның ішінде көшелерде  мас күйде жасалатын қылмыстар да төмендеді.

«Әрине, осы және басқа да жағымды үдерістер министрліктің, жергілікті полицияның әкімдіктермен бірлесе атқарған жұмыстарының нәтижесі. Бұл -  құқық бұзушылық профилактикасы, қоғамдық тәртіпті сақтау, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары. Мұның барлығына жергілкті полиция жауапты. Олардың саны 25 мың адам, арасында учаскелік полиция инспекторлары, жол-патрульдік инспекторлар, ювеналдық, табиғатты қорғау полициясы бар», - деді ол.

Қасымовтың айтуынша, жергілікті полицияны құрған кезден бастап материалдық базасы жақсартылды. Әкімдіктердің қолдауымен автокөліктермен, рациялармен, компьютерлік техникамен күшейтілді. 2016-2017 жылдары жергілікті полицияны жабдықтауға жергілікті бюджеттен 6,5 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген.

«Сонымен бірге Мемлекет басшысының полицияны жеке видеотіркеуіштермен жабдықтау тапсырмасы әлі де толық көлемде орындалмағанын атап айтуыма тура келеді. Жол-патрульдік полицияның кадрлық жағдайын жақсарту үшін шаралар қабылдануда»,-  деді министр.

Соңғы жаңалықтар