Қаллеки театрының жаңа маусымы: көрермендер Шәмшімен қауышады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 26 қазан күні Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының ХХVII жаңа маусымы М.Әуезовтың "Абай" трагедиясымен ашылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қаллеки театрының өнер сүйер қауымды "Абай" трагедиясымен қарсы алуы дәстүрге айналған. Абай - театрға есімі берілген Қалибек Қуанышбаев шығармашылығындағы шоқтығы биік рөл еді. "Абай" трагедиясының сахна шымылдығын түріп, көрерменге бірінші болып жол тартуының сыры осында жатыр.

 Спектакльдің қоюшы режиссері - ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Әлімбек Оразбеков. Ондағы жас Абай бейнесі ҚР еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Өтеуіловке берілсе, кемеңгер Абайды - Қазақстанның Халық әртісі Тілектес Мейрамов сомдайды.

Өткен маусымда көрерменге "Ер Төстік", "Әміре", "Қызыл орамалды шынарым", "Зере" қойылымдары ұсынылған болатын. Театр ұжымы бұл жолы да халықты тың туындылармен қуантпақ.

"Биыл еліміз бойынша ауқымды шара - ЭКСПО-2017 көрмесін атап өттік, ондағы көрме мерекелерін жоғары деңгейде өткізуге атсалыстық. Осыған байланысты, жазғы уақытта демалысқа шығатын театр қыркүйекке дейін жұмыс істеді және бір ай демалып, жаңа маусымға әзірленді. Жаңа маусымды ашатын "Абай" қойылымынан бөлек, өзге де қызықты, тарихи спектакльдерді ұсынуды көздеп отырмыз. Атап айтқанда, көрермендер Шәмші Қалдаяқовпен қауышатын болады, Оралхан Бөкей шығармаларын тамашалай алады. Шетелдік классикалық шығармаларды да назардан тыс қалдырмаймыз", - деді Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының жетекшісі Айболат Сексембаев Астанада өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен бірге, театр жетекшісі Қ.Қуанышбаев театры қараша айында Жезқазғанда өтетін Жанат Хаджиев атындағы аймақтық фестивальге "Күн сәулесі түспеген" психологиялық драмасымен қатысатындарын хабарлады. Одан бөлек, түрлі республикалық және әлемдік фестивальдерге қатысу жоспарланған.

Соңғы жаңалықтар