Калифорния мектебінде атыс болып, алты адам жарақаттанды

None
ВАШИНГТОН. ҚазАқпарат – Калифорния штатының Окленд қаласындағы бірнеше мектеп маңында болған атыс салдарынан алты адам жарақаттанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі NBC News арнасына сілтеме жасап.


Атыс төрт мектеп орналасқан кампуста болды, оның ішінде Rudsdale орта және жоғары мектебі, Bay Area технологиялық мектебі және Sojourner Truth жекеменшік мектебі бар. Окленд полициясы бастығының көмекшісі Даррен Эллисон жарақат алғандар Sojourner Truth мектебінен табылғанын айтты.

Жарақат алғандардың алтауы да ересек адам. Олар жергілікті ауруханаларда емделіп жатыр, екеуінің жағдайы өте ауыр.

Полицейлер қылмыстың себептері мен күдіктілер туралы мәлімет бермеді, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Билік атыс ұйымдастырған бір адамды іздестіруге кірісті, сондай-ақ атысты бірнеше адам жасады деген нұсқа қарастырылып отыр.

Окленд мэрі Либби Шааф бұл оқиғаның «жан ауыртатынын» және «елде атыс қаруына шектеусіз қол жеткізу кешірілмейтінін» жеткізді.

Бұл – Окленд мектебінде бір айдан аз уақыттағы екінші атыс. Билік 29 тамызда Мэдисон Парк академиясында 12 жасар жасөспірім мектептегі 13 жасар жеткіншекті жарақаттағанын хабарлады.

Жарты миллионға жуық халқы бар Окленд қаласы қару қолданып, күш танытуға қарсы күресіп жатыр. Полиция басшысы Леронн Армстронг жуырда зорлық-зомбылықты қысқарту жоспарын таныстырды.


Видеодан алынған кадр/nbcnews.com






Соңғы жаңалықтар