Қаланы бірге көркейтеміз: Бақытжан Сағынтаев Алматының болашағы туралы айтты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімі мегаполистің дамуына қосқан үлесі үшін қала тұрғындарына алғыс айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алматы туған күнін тойлап жатыр. Бұл - әр адам үшін ерекше күн. Пандемияға қарамастан қала дамып келеді», - деп атап өтті Бақытжан Сағынтаев.

Биыл 2,6 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріледі. Мыңдаған алматылық баспаналы болады.

Оның ішінде 248 мыңнан астам немесе 4 926 пәтер халықтың әлеуметтік осал тобына беріледі.

1 013 көпбалалы, толық емес және мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар пәтер кілтін алады.

Жұмыс істейтін жастар үшін 1 050 жалдамалы пәтер қарастырылған. «Алматы жастары» қалалық бағдарламасы бойынша – 1 000 жеңілдетілген несие көзделген.

Бұдан басқа жекелеген санаттар үшін «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша бастапқы жарнаны құюға 1 млн теңгеден 2 мың тұрғын үй сертификаты көзделген.

«Жыл соңына дейін 16 мыңға жуық оқушыны қамтитын 31 білім беру нысанын пайдалануға береміз. 61 мектеп жанындағы спорт алаңдарын жаңартудамыз. 10 жабық спорт кешені салынуда», - деді мегаполис әкімі.

Қаланы көгалдандыру бағдарламасы жалғасып жатыр. Осы жылдың көктемінде 64 мың түп ағаш егіледі.

Қазан айынан бастап тағы 350 мың ағаш отырғызылады. 22 саябақ пен сквер жөнделіп, жалпы ауданы 284 га болатын 8 жаңа саябақ аймағының құрылысы басталды.

«Біз бірге Алматыны әдемі, жайлы әрі әсем етіп көркейтеміз. Бүгін ортақ игілік үшін еңбек еткен әрбір жанға алғыс айтқым келеді! Баршаңызды мерекемен құттықтаймын», - деді Бақытжан Сағынтаев.


Соңғы жаңалықтар