«Қаламқас» кенішіндегі өртті сөндіргендерге алғыс айтуымыз керек - Абаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысындағы «Қаламқас» мұнай-газ кен орнында басын қауіпке тігіп, өртті сөндірген азаматтарға алғыс айтуымыз керек. «Хабар» арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпы, мұнай өндіру саласында, әсіресе ұңғымаларды бұрғылау кезінде өрт қаупі туындауы әбден мүмкін. Бұл жерде мәселе тек адами факторда емес. Дегенмен, адами фактор болуы да мүмкін. Мамандар маған түсіндіріп бергендей, бұрғылау кезінде көп жағдайда газ өте қатты қысыммен сыртқа шығады. Осының салдары апатқа алып келеді. Статистика бойынша, жыл сайын әлемде мұнай өндіру нысандарында мың жарымға тарта апат орын алып жатады. Олардың көбінде өрттер шығады, мұнай тасып шығып жатады. Бақытымызға қарай, «Қаламқаста» мұнайдың тасуы орын алған жоқ», - деді Дәурен Абаев.

Министрдің айтуына қарағанда, өртке қарсы күреске барлық күштер жұмылдырылды.

«Өз өмірін қауіпке тігіп, өртпен күрескендерге барлығымыз алғыс айтуымыз керек. Ең бастысы, одан зардап шеккендер жоқ. Жақын арадағы елдімекендердің халқына өрт жағдайы ешқандай қауіп туындатқан жоқ», - деді ол.

Айта кетейік, 13 наурызда Маңғыстау ауданындағы «МаңғыстауМұнайГаз» АҚ-ның «Қаламқас» мұнай-газ кен орнында «Си Бу» инженерлік бұрғылау компаниясы» ЖШС №8237 ұңғымасын бұрғылау барысында газ-су қоспасы атқылады. Ал 25 наурыз күні сағат 07:10-да Маңғыстау облыстық ТЖД кезекші-диспетчерлік қызметіне «Қаламқас» кен орнындағы ұңғымадан шыққан газ жанып, биікті 10 метрге дейін жалын атқылап тұрғандығы хабарланды.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кен орнындағы жағдайды өз бақылауына алып, Үкіметке тиісті тапсырмалар жүктеді.

Бүгін ҚР Энергетика министрлігі өрт толығымен сөндірілгенін мәлім етті.

Соңғы жаңалықтар