Қаламгерлер жолдаудағы түйткілді мәселелерге үн қосты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда ҚР Жазушылар одағы басқармасында қаламгерлер мен ақындар бас қосып, мемлекет басшысының жолдауын талқыға салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Зиялы қауым өкілдері маңызды құжатта айтылған бастамаларға үн қосып, түйткілді мәселелерді шешу жолдарын ұсынды.

ҚР Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары, белгілі ақын, журналист, филология ғылымдарының докторы Бауыржан Жақыптың айтуынша, 2019 жылдың жастар жылы деп жариялануы жастардың әлеуметтік, моральдық, материалдық мәселелерінің шешімі болмақ.

Сонымен қатар, одақ аясында өткізіліп отырған бірқатар шараларды тілге тиек етті.

«Біз осы күзде түркітілдес жас әдебиетшілердің форумын өткізгелі отырмыз. Бұл шара Оралда өтеді. Оған башқұрт, татар, қырғыз, түрікмен, Түркия, Македония секілді түркі тектес халықтар бар елдерден ақындар шақырылады. Бұл форум жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады. Жас әдебиетшілердің семинар кеңестері, мүшайра, әдеби кештерді өткізу, фестиваль ұйымдастыру жоспарда бар», - деді ақын.

Отырысқа қатысқан өзге де жазушылар  2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап  төменгі жалақы 42 000 өсетініне қуаныштарын жасырмады.

Сонымен қатар, бірауыздан мұғалімдердің, бюджеттік сала қызметкерлерінің, денсаулық сақтау, полиция жалақысын көтеру бастамасын қолдайтындарын жеткізді.

ҚР Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай  экологиялдық ахуалды жақсарту мәселесіне кеңінен тоқталды.

«Жолдауда жазушыларға қатысты ештеңе жоқ екен» деп қабылдамай, тереңірек үңілу керек. Бұл құжат халықтың өсуіне, халықтың табысы мен тұрмысын арттыруына арналған. Оның ішінде менің ерекше назарымды аудартқаны экологиялық мониторинг жүргізу мәселесі. Астанадан бері демалыс орындарының тынысы тарылып қалды. Кептеліс, айналасы бөтелке. Менің туған ауылымда протон құлады. Жеріміз гептилмен уланды. 1989 жылы ең соңғы рет радиация көлемі қалыпты нормадан 10 есе артық болған. Экологиялық ахуалды күшейту - біздің араласатын  мәселеміз», - деді Ғалым Жайлыбай.

Айта кету керек, Президент Нұрсұлтан Назарбаев 5 қазанда Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жария етті.

Стратегиялық құжат еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелеріне және қазақстандықтардың әл-ауқатын одан әрі арттыру міндеттеріне арналған.

Соңғы жаңалықтар