Қалалық ұлтқа айналған қазақ...- Өңірлік баспасөзге шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен аптада Қазақстанның өңірлік мерзімді баспасөзі қандай мәселелерді көтерді? Әдеттегідей «ҚазАқпарат» ХАА оқырмандар назарына еліміздің аймақтарында жарық көретін мерзімді баспасөзге шолу ұсынады.

Мектеп асханасы: сенген жөн бе, тексеріп көрген жөн бе?- «Шымкент келбеті» газеті

Мектеп асханасына қатысты мәселе бар екені рас. Бірқатар елдер бала ағзасына қауіпті саналатын сусындар мен тағамдарды мектеп маңына да жолатпайды. Ендеше кейбір жағдайда бұл мәселеде бізге де заңдық негіздердің қажеттігі де байқалады. Ал Шымкент қаласында мектептер мен балабақшаларында тамақтың сапасын тексеру жөніндегі комиссия құрылатын болыпты. «Шымкент келбеті» аталған мәселеге зерттеу жасап, тіпті мектептегі асхананың ас мәзірін де бақылапты.

«Үкімет тарапынан оқушыларды ыстық тамақпен қамту үшін жыл сайын арнайы бағдарламалар қабылданып, сол бойынша қаражат бөлінеді. Бірақ мұның нәтижесі шамалы. Біздің елде жеңіл-желпі құрғақ тамақтану да, ыстық тамақ ішу де, фаст-фуд өнімдері де оқушылардың өз еркіндегі шаруа. Көрші Ресей елінде оқушыларға арналған асханалар тамақ пісірумен айналыспайды. Ресейдегі ірі тамақтандыру комбинаттары дайындаған тағамдар таңертең мектепке жеткізіледі. Ал асхана қызметкерлері тек дайын тағамдарды ысытып береді. Сондықтан, мұнда мектеп асханасы жеке кәсіпкер иелігінде емес. Мұндай ұсыныс біздің елде де жасалғанымен, ресейліктердің тәжірибесін қолдануға ешкім де құлық танытып отырмаған сыңайлы» деп жазады мақала авторы.

Бұл ретте ол Қазақстандағы мектеп асханалары кәсіп иелерінің құзырында екенін айтып, оларды балалардың дұрыс тамақтануынан бұрын, мол пайдаға кенелуді ойлайды деп айыптайды.

Мақалада мектеп асханасына, балалар тағамына қатысты арнайы мамандар пікірі де берілген. Онда оқушылардың дұрыс тамақтануы денсаулығының жетістігі және қалыпты дамуының кепілі болып табылатыны айтылыпты.


Қазақстанда 6 миллонға жуық халық өзара соттасып жүр - «Ақтөбе» газеті

null
Сотқа дейінгі татуласу орталықтары қазір Қазақстанның түкпір-түкпірінде енгізіліп жатыр. Осындай жоба аясындағы отырыс туралы Ақтөбе облыстық газеті жазады. Айта кетерлігі татуластыру институтының негізгі мақсаты - дауларды сотқа жеткізбей, татуластыра отырып шешу.

«Өкінішке қарай, еліміздің сот жүйесінде тіркелген арыздардың саны 3 миллионнан асып отыр. Егер сотқа келген адамдардың екі тараптан құралатынын ескерсек, бүгінде 6 миллионға жуық халық өзара соттасып жүр деуге болады. Бұның ең қорқыныштысы - ата-аналар мен бала, ағайындардың, дос-жарандардың арасында дау көбейіп бара жатыр. Ең қауіптісі - біз бұдан ұлт ретінде тұтастығымызға, халық ретінде ауызбіршілігімізге, тіпті еліміздің тәуелсіздігіне де зиян тигізетін әрекеттерді көріп тұрмыз» деп жазады газет.

Келтірілген мәліметтерге қарағанда, елімізде 2013-2017 жылдар аралығында қаралған сот істерінің саны екі есеге артқан. Осылайша, Қазақстанда елдің әрбір төртінші тұрғыны қандай да бір сот процесіне қатысқанын білуге болады. Ал статистикаға сүйенсек, сот дауларының басым бөлігі ажырасу мен алимент төлеуге қатысты отбасылық даулар екен.

Ойланатын жағдай екен...


Қалалық ұлтқа айналған қазақ...- «Оңтүстік Қазақстан» газеті
null
«Оңтүстік Қазақстан» газеті келтірген дерек бойынша, 1989 жылдары республика тұрғындарының небәрі 47,8 пайызы ғана қала тұрғындары болған. Яғни, халықтың жартысынан көбі ауылда өмір сүріп, еліміз урбандалу деңгейі төмен мемлекеттердің қатарында еді. Ал 2014 жылғы 1 шілдедегі статистикалық деректер бойынша қалалықтардың үлесі 55,1 пайызды құраған болса, арада 4 жыл өткенде бұл көрсеткіш 57 пайызға жетіпті. Яғни, қала халқының үлесі 4 жылда 2 пайызға жуық көбейген. Егер осы тенденция жалғаса берсе, 25-30 жылдан кейін Қазақстанда қала халқының үлесі 70 пайыздан асып, еліміздің урбандалу көрсеткіші жоғары дамыған елдердің деңгейіне жақындайды екен.

Осыған байланысты мақала авторы «Қалалық ұлтқа айналу қазақты жаңа сапаға көтере ме? Ол қандай сапа? Неден ұтып, нені жоғалтуымыз мүмкін?» деген тақырыптарды тарқатады.

Мақалада урбанизация түрлері жіктеліп, Қазақстан жағдайы да таразыға тартылыпты. Қалаға көшудің әлеуметтік, криминогендік ахуалға әсері де талданыпты. Жазуынша, бұндай процесс ұсақ қылмыстың, бұзақылықтың, ұрлықтың, қарақшылықтың, тіпті маскүнемдік пен жезөкшеліктің де көбеюіне ықпал еткен. Кейбір қоғам белсенділерінің «бізде криминогендік ахуал латынамерикандық елдердің деңгейіне жақындап қалды» деп айтып жүргені, міне, сол мәжбүрлі урбанизацияның салдары екен. Ал жақсы жақтары қайсы? Бұл ретте автор қалалардағы қазақтар санының артуын, оның біртіндеп отарсыздандыру саясатына ұласып жатқанын алға тартады. Мысалдар мен деректер келтіріледі.

«Әрине, қазақтың қалалық ұлтқа айналу процесінің рухани-мәдени аспектілері де бар. Қалаға келген қандастарымыздың өмір салтымен қоса мінез-құлқы, дүниетанымы да өзгеретіні сөзсіз. Қазіргі зиялы қауым тап осы мәселеге көбірек алаңдайды...Есесіне, қалалық ұлтқа айналған қазақтың келер ұрпағы заманауи ғылым-білімді игереді, техникалық мамандықтарды меңгереді, кәсіпкерлікті өзінің өмір салтына айналдырады. Демек, урбанизация бізді қалалық ұлтқа ғана емес, бәсекеге қабілетті ұлтқа да айналдыра бастады деген сөз. Тек қоғамдық қатынастарымыз ғана емес, санамыз да нарықтанған тұста ұлттық салт-дәстүрлерімізді жаңа жағдайға бейімдей алсақ болғаны. Яғни, бабаларымыздың бойындағы үлкенді құрметтеу, бауырмалдық, кеңпейілділік, шыншылдық, қанағатшылдық секілді асыл қасиеттерді аталарымыз далалық өмірден ауылдық өмірге қалай алып өтсе, біз оны ендігі жерде қалалық өмірдің де ажырамас бөлшегіне айналдыра білуіміз керек. Сонда қалалық ұлтқа айналған қазақтың жаңа құндылықтар жүйесі дұрыс қалыптасады».


Кітаппен қош айтыстық па немесе «кедей болсаң балаңа кітап оқыт» - «Сарыарқа самалы» газеті

null
Газетте негізінен Астанада өткен «Заманауи әлемдегі оқу мәдениеті» атты Халықаралық оқу конгресі туралы жазылған. Оған әлемнің 26 елінен мейман келіпті. Арасында әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығының лауреаты Кадзуо Исигуро, танымал жазушылар Януш Вишневский, Георгий Пряхиндер де бар екен. Жиын барысында қатысушы зиялылардың бірі қазіргі кітап оқымайтын жастардан қорқатынын, олардың тек қана интернеттегі ақпаратпен шектеліп қалғанын айыптапты. Айта кетерлігі, алқалы жиынға қатысқан шетелдік жазушылардың біразы қазақшаға судай екен. Мәселен, Мысыр жазушысы Магди Халимнің қазақ қызы туралы жазған жаңа романы таныстырылыпты. Оның «Моңғол қызы» деп аталуының өзінде де үлкен гәп бар. Ал Қытай жазушысы Хуан Чжонсян 18 жасында С.Мұқановтың «Ботакөз» романын оқып, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш - Баян сұлуын» қытай тіліне аударған екен.

«Қазір көбі кітаптың уақыты бітті, ғаламтордың заманы жетті деп жатыр. Мен мұнымен келіспеймін. Кітаптың жолы бұрын қалыптасқан, даңғыл жол болса, оқырмандардың жолы да, тарихы да сондай ұзақ. Кітап пайда болғалы, оқырман да бар. Кітап жоғалмайынша оқырман жоғалмайды. Бізде Қытайда мынандай бір тәмсіл бар: «Тақыр жерге самырсын ек, тақыр кедей болсаң, балаңа кітап оқыт...» деген, - деді Хуан Чжонсян.

Мақалада ұлттық әдебиет - халықтың мәдени және рухани мұрасы екені айтылады. Ал оны көздің қарашығындай сақтап отырған - кітапханалар.


Өндіріс пен өнеркәсіп қашан қазақшаланады? - «Жетісу» газеті

Қазақ тілінің мәселесі туралы «Жетісу» газеті жазады. Автор бүгінде кез келген саладағы күнделікті қолданысқа қажетті кәсіби сөздердің көбі әлі күнге тек орыс тілінде қолданылатынын, ал оларды қазақша аталса, түсіне алмай, тосырқап қалатынымызды айтыпты. Сосын өндіріс пен өнеркәсіптегі қазақ тілін саралауға көшеді.

«Өндірістегі қазақ тілінің тағдырына алаңдауымызға не себеп?! Аурухана немесе техникалық жөндеу орталығына, тіпті, үй қызметіне пайдаланатын түрлі құрылғыны жөндетуге, болмаса жаңасын алайын деп барсаң да, барлық жерде зат атауының орысшасы ғана қолданылады. Қазақша атауын тұтынушы түгілі, қызмет көрсетушінің өзі білмейді. Неге? Өз тілімізге өзіміздің жанымыз ашымай, жатық болған орыс тілінде қашанғы атап жүре береміз?!» деп жазады автор. Айтуынша, өндірістегі қазақ тілі «жабылған қазан жабулы» күйінде қала бермеуі қажет.

Мақалада терминология мәселелері, ондағы ана тілінің ахуалы да жазылыпты. Бұл ретте сала мамандарының пікірі де беріледі. Мәселен, сол маманның бірі «орыс тіліндегі медициналық терминдердің қазақша баламасын табу керек. Егер ондай ұғым қазақ тілінде болмаса, онда латын немесе грек тілінен енген аталымдар қалуы керек» деген пікір келтіреді.

Түйін ретінде автор өндірістегі қазақ тілінің мүшкіл халіне бей-жай қарап, орысшасы анағұрлым анығырақ, әлдеқайда түсініктірек деп жүре беруге болмайтынын алға тартады. Бұлай болса тіл тазалығы екінші орынға ысырылатынын, алашұбар терминдер тілді бұзатынын айтады.


Көз ауруы «жасарып» барады - «Атырау» газеті

null
«Атырау» газеті офтальмологиялық орталықтарға келушілер қатары күн санап артып отырғанын, соның ішінде көз жанары әлсіреген жасөспірімдер мен балалар көбейіп келе жатқанын жазады. Дерттің бұлайша дендеп, «жасаруының» себебі неде? Жалпы, аурудың алдын алу үшін бізге қайтпек керек? Науқасты қабылдап, қажетті ем-домын жасауда бүгінгі медицинаның жағдайы нешік? Осы сауалдар көтеріледі. Мақалада көз ауруы мамандарынан пікір келтіріліп, ауру түрлері де талданады. Балаларға компьютер, смартфондардың зияны тағы да түсіндіріледі.

«Көз ауруларын болдырмас үшін, ең алдымен, «Тазалық - денсаулық кепілі» екенін естен шығармаған жөн. Жарық бөлмеде жұмыс жасап, арқа мен басты түзу ұстау, теледидарды қараңғыда қарамау, дәруменге бай тағамдарды ғана тұтыну секілді дәрігер кеңестеріне қашан да құлақ асып жүргеніңіз абзал-ау...» деп жазады газет.

Соңғы жаңалықтар