Қалаларды сапалы жоспарлау Berekeli bastama платформасында талқыланады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда қалалар аумағын сапалы жоспарлау стандарттары енгізіледі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев ҚР Президенті жанындағы өткен дөңгелек үстел барысында еліміздегі қалалар аумағын сапалы жоспарлау стандарттары жобасын ұсынды.

«Халықтың әл-ауқатын арттыру, өмір сүру сапасы мен деңгейін жақсарту аса маңызды міндет. Қалалардың тұрақты түрде өсуі қала кеңістігін қалыптастырудың жаңа тәсілдерін, жаңа құрылыс регламенттерін қатаң сақтауды талап етеді. Өкінішке қарай, қазір елімізде қалалар ретсіз, көбінесе жұртшылықтың пікірін және қаланың даму перспективаларын ескермей салынуда», - деді Қ. Өскенбаев «Қалалық кеңістікті қалыптастырудың жаңа тәсілдері туралы» атты дөңгелек үстел отырысында.

Осы орайда ол қалалардағы өзгерістерді урбанистер мен тұрғындардың пікірін ескере отырып жүргізу өте маңызды екенін атап өтті. Дәл осы мақсатта Қазақстанның урбанистер қауымдастығымен бірлесе Berekeli Bastama дауыс беру платформасы іске қосылады. Порталда қаланың әр тұрғыны инфрақұрылымды жақсарту бойынша өз ұсыныстарын бере алады. Жобаларды мамандар ғылыми тұрғыда қарастырып, ең үздіктері дауыс беру үшін порталда жарияланады. Сосын дауыс берудің қорытындылары бойынша қаржыландыру және іске асыру үшін басымдықтар айқындалады.

«Қазіргі жағдай жаңаша шарттарды талап етеді. Озық халықаралық тәжірибені ескере отырып, қала құрылысын жоспарлау, жаңа урбанистік тәсілдерін дамыту жүйелерін трансформациялау қажет. Мемлекет басшысы 2021 жылғы Жолдауында қалаларды кешенді салудың жаңа стандарттарын әзірлеу қажеттігін атап көрсеткен болатын. Осыған байланысты министрлік қалалар аумақтарын сапалы жоспарлау стандарттарының редакциясын әзірлеп, келісу үшін жергілікті атқарушы органдар мен ұйымдарға жолдады», - деді министр.

Оның айтуынша, жаңа стандарттар ықшам құрылысты жобалау мен енгізудің, тартымды және жайлы қоғамдық кеңістік қалыптастырудың, жаяу жүргіншілер мен велосипед инфрақұрылымын дамытудың қарапайым әрі түсінікті эталоны болады.

«Осы мақсатта біз еліміздің ірі елді мекендерінің қалалық инфрақұрылымын дамыту тұжырымдамасының пилоттық жобаларын іске асыруды жоспарлап отырмыз», - деді ведомство басшысы.

Сонымен қатар Қайырбек Өскенбаев ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Қазақстанның урбанистер қауымдастығымен бірлесіп, Ақтау және Атыраудың қала кеңістіктерін трансформациялау жұмыстарын бастағанын хабарлады.


Соңғы жаңалықтар