Қалаға қосылатын аумақтардағы нысандарға сапалы сараптама жасау қажет - Алматы әкімі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовтің төрағалық етуімен қалаға қосылатын аумақтарды дамыту мәселесіне арналған жиын өтті. Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.

Жақында Қазақстан Республикасы Президентінің қол қойған «Алматы қаласының шекарасын өзгерту туралы» Жарлығына орай қалаға жалпы аумағы 23 мың 200 гектар жер қосылған болатын.

Алматы әкімі бұл қала тарихындағы ең ірі қосылым екендігін атады.

«Алдын ала жасалған сараптама бұл жерлерді дұрыс ретке келтіру қажеттігін көрсетті. Бұл істе бізде жинақталған тәжірибе бар, мысалы Алатау ауданын құру барысында қыруар мәселелерді шештік. Бірақ, бұл іс одан күрделі. Біз әлеуметтік қамсыздандыруды теңестіріп, адамдарды жұмысқа орналастыруға тиіспіз. Бізге қосылатын елді мекендердегі нысандарға әлеуметтік, көліктік, инженерлік инфрақұрылымдық сапалы сараптама өте қажет», - деді Ахметжан Есімов.

Әкім бұдан өзге қысқа мерзім ішінде коммуналдық меншіктегі объектілерді анықтап, оларды бюджеттік қаржыландыру көлемін белгілеген жөн екендігін атап өтті.

Осыған орай, Алматы әкімі бұл іске тікелей қатысы бар басқармаларға қала балансына өтетін нысандарға инвентаризация жүргізуді тапсырды. Қала басшысы жұмысқа орналастыру мен қалаға қосылған елді мекендерде қауіпсіздік шараларын жүзеге асыруды тапсырды.

Соңғы жаңалықтар