«Қаладан қоқыс шығару тоқтатылды»: Ақтау әкімдігі мәселеге түсінік берді

Фото:
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі шаһардан қоқыс шығару белгісіз мерзімге тоқтатылғаны туралы ақпаратқа түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін бірқатар БАҚ-та Ақтауда қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару белгісіз мерзімге тоқтатылғаны хабарланды. Оған себеп - «Caspiy Operating» ЖШС көліктерінің таңертеңгі сағат 07.00-де полигон аумағына кіргізілмеуі.

«Осыған байланысты қоқыс шығару белгісіз мерзімге тоқтатылды. Қалыптасқан жағдай үшін алдын ала кешірім сұраймыз», - делінген еді «Caspiy Operating» ЖШС мәлімдемесінде.

Бірақ Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі түстен кейін бұл мәселе шешілгенін мәлім етті.

«Ақтау қаласында тұрғындардан тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару үшін тариф алынып тасталған. Осыған байланысты халықтан қоқыстарды көму тарифін жинау бойынша мәселе туындады.

Қазіргі таңда Ақтау каласының Тұрғын үй шаруашылық бөлімімен жаңа тарифті бекіту бағытында, яғни, тұрмыстық қалдықтарды шығару, тасымалдау, сұрыптау және көму бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жаңа тариф Қазақстан Республикасы Әділет министірлігінен қорытынды алғаннан кейін мәслихаттың кезекті сессиясында бекітіледі. Жаңа тариф бекітілгенше бұрынғы тарифпен көму бағытында қабылдаушы полигон мен шығарушы мекеме арасында келісім жасалды», - делінген мәліметте.

Әкімдіктің баспасөз қызметінен атап өткендей, тұрмыстық қатты қалдықтарды тасымалдаушы мекеме әзірше жұмысын бұрынғы кесте бойынша жалғастырады.


Соңғы жаңалықтар