Қаладағы құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге Астананың күзет мекемелері де тартылады

None
None
АСТАНА. 5 ақпан. ҚазАқпарат - Астана қаласының Ішкі істер департаментінде күзет фирмаларының өкілдері мен полиция қызметкерлерінің кездесуі өтті.

Онда көтерілген негізгі тақырып тұрғын үй қауіпсіздігі мәселелері жөнінде тұрғындар арасында жүргізілетін түсіндіру жұмыстарын жандандыру. Бұл туралы департаменттің баспасөз қызметінен хабарлады.

Елорданың ресми сайтының жазуынша, бүгінгі таңда Астанада пульттік күзет қызметін көрсететін 18 ұйым жұмыс істейді. Олардың қызметтерін пәтерлер мен жеке үйлердің тұрғындары пайдаланады.

Осы күзет ұйымдарының бақылауындағы пәтерлер мен үйлерге ұрлыққа түсу өте қиын. Тіпті, ұрлық жасауға талпынғандарды күзет фирмалары мен полиция өкілдері дер кезінде ұстайды, дейді ұйым басшылары.

Астана қаласы ІІД бастығының орынбасары Батырлан Есенбайдың айтуынша, қала аумағында күн сайын күзет фирмаларының 50 автопатрулі қызмет етеді, олар пәтерлерге түскен ұрылар мен басқа да қылмыскерлерді тұтқындауға айтарлықтай үлес қосып келеді.

Департаменттің баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, астаналық ішкі істер департаментінде 2012 жылда атқарылған жұмыстарды қорытындылау жөнінде кеңес өтті. Жиынға төрағалық еткен ІІМ министрі Қалмұхамбет Қасымов заманауи талапқа сай зияткерлік қауіпсіздік жүйесін енгізу жөніндегі Президенттің тапсырмасын іске асыру бойынша тәжірибелік-ұйымдастыру шаралар кешенін қабылдау қажет екендігін атап өтті.

Сонымен қатар, Қалмұхамбет Қасымов құқықтық тәртіпті орнатуда күзет ұйымдарымен бірлесіп жұмыс істеудің жаңа үлгілерін қарауды тапсырды.

Осы тапсырмаларға байланысты Астана қаласының ішкі істер департаменті тұрғындарға тұрғын үй қауіпсіздігі мәселелері, ұрлықты азайту жөнінде түсіндіру жұмыстарын жандандырады.

Өз кезегінде, күзет фирмаларының басшылары ұрлықтың алдын алу мәселесі бойынша полициямен тығыз байланыста жұмыс істеуге дайын екендіктерін білдірді. Сонымен бірге, пәтерлер мен коттедждерге күзет қондырғыларын орнату бағасын арзандату мәселесін қарайтындықтарын да айтты.

Бұған қоса, бас қосуда баға саясаты, атап айтқанда, күзет сигнал беру жүйесін монтаждау мен абоненттік төлем құны төңірегінде әңгіме өрбіді. Қазіргі уақытта абоненттік төлемнің құны айына 5 мыңнан бастап 10 мыңға дейін жетеді. Жүйелі сұхбат барысында, абоненттік төлемнің құнын 15-тен 30%-ға дейін арзандату туралы келісім жасалды.

Кеңесте сөз алған «Сигнал» КФ» басшысы: «Тұтас подъезд немесе үй қызметімізге қосылса тұрғындарға тиімді болар еді. Мұндай жағдайда монтаж бен абоненттік төлем құны да айтарлықтай арзандайды», - деді.

Тұрғындар үйлеріне күзет қондырғыларын орнатса, қылмыскерлердің пәтерлерге ұрлыққа түсу мүмкіндіктері азаяр еді, дейді күзет фирмаларының өкілдері.

Сонымен қатар, кеңесте қылмыстарды азайту мақсатында жеке күзет фирмалары мен полиция қызметкерлерінің бірлесіп күзету мәселелері де талқыланды. Бұған қоса, фирма өкілдері қолданыстағы жабдықтар жайлы сөз етті (атап айтқанда күзет фирмаларының бірі Израильде шығарылған жабдық туралы ақпарат берді).

ІІД бастығының орынбасары Батырлан Есенбай кездесуді қорытындылай келе, қылмыстарды жоюда күзет фирмалары мен полиция қызметкерлерінің бірлесіп жұмыс істейтіндіктеріне сенім білдірді.

Соңғы жаңалықтар