Қаладағы барлық спорт нысандары алматылықтардың мүддесі үшін жұмыс істеулері тиіс - А.Есімов

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы әкімдігінде қаладағы спорт нысандарының 2013 жылы атқарған жұмысының қорытындылары мен 2014 жылғы міндеттері жайлы талқыланған жиналыс өтті. Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.

Отырысқа қалалық спорт нысандары мен профильді басқармалар басшылары қатысты.

Қала басшысының айтуынша, қазіргі кезде Алматының коммуналдық меншігінде үш ірі спорт нысаны бар. Олар - «Медеу» мұз айдыны, Орталық стадион және «Сұңқар» халықаралық шаңғы трамплиндері кешені.

Сондай-ақ ол спорт нысандарының еш шығынсыз жұмыс істеулері қажет екендігін ескертті.

«Бұл - 2017 жылы өтетін қысқы Универсиада алдында өте өзекті болып отырған мәселе. Спорт обьектілерін салу мен оларды қайта жарақтандыруға айтарлықтай қаржы жұмсалды. Олардың барлығы алматылықтардың мүддесі үшін жұмыс істеуі тиіс», - деді Ахметжан Есімов.

Алматы әкімі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша қалада тау шаңғысы туризмін дамыту жобасының қолға алынғандығын жеткізді. Соңғы жылдары қалалықтар мен шетелдік туристер арасында тауда демалу үрдісі кең қанат жая бастады.

Егер 2012-2013 жылдары «Медеу» мұз айдынына 80 мыңға жуық адам барса, өткен жылы олардың қатары 180 мың адамға жеткен. Түскен қаржы 85 млн. теңгеден 289,6 млн. теңгеге артқан.

«Шымбұлаққа» барушылар қатары да артып келеді. Биыл тау шаңғысы курортына келушілердің саны 393,5 мың адам болса, олардың 270 мыңы -туристер. 2012-2013 жылдары «Шымбұлақта» 360 мың адам демалған. «Шымбұлақ» қайта жасалған соң шаңғышылар қатары 40 мыңнан 120 мың адамға артты.

Жиын соңында қала әкімі Алматыдағы спорт нысандарының тиімділігін арттыруға қатысты бірқатар тапсырмалар берді.

Соңғы жаңалықтар