Қалада төртінші мешіт салу тиімсіз - Архимед Мұхамбетов

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Облыс басшысы Қостанай қаласындағы төртінші мешіттің құрылысына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгінгі облыс әкімінің есеп беру жиынында Қостанай қаласының «Алтын Арман» шағын ауданының тұрғындары атынан мешіт құрылысын бастау туралы сұрақ қойылды. Сауал қоюшы ақсақалдың сөзінше, «Алтын Арман» шағын ауданының тұрғындарына орталықтағы мешітке келу қиындық туғызады.

«Бұл мәселе туралы нақтылап өтейін. Облыс орталығында үш мешіт жұмыс істеп тұр. 3000 адам қабылдайтын орталық мешіт пен Абай көшесіндегі қалалық мешіт бар. Оған қоса жақында «Ақмешіт» пайдалануға беріледі. Сондықтан қалада тағы бір мешіт салу бізге тиімсіз. Себебі, оны күтіп-ұстау, коммуналдық төлемдер, имамдарға жалақы төлеу сияқты мәселелер бар. Ал аудан орталықтары мен ауылдарға мешіт қажеттілігі бар. Соның бірі – іргедегі Әулиекөл ауылы. Ал егер демеуші тапсаңыздар, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы арқылы салуға болады», - деп түсіндірді облыс басшысы.

Архимед Мұхамбетов өңірде тарихи-мәдени мұраны сақтау, насихаттау және киелі объектілердің инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасып жатқанына тоқталды.

«2019 жылы 214 археологиялық ескерткіш қалыпқа келтірілді, қаржыландыру 4 миллион теңгеден асады. Жангелдин ауданында Қазыбай Әулие кесенесінде тағзым етуге арналған үй, қобызшы Тілеп Аспантайұлының жерленген жерінде кесене салынды. Б.Майлин ауданында батыр Жабағы Ипанұлының жерленген жерінде қоршаулар мен қақпалар орнатылып, кірме жолы грейдермен тегістелді. Қостанайда «Ақ мешіт» киелі объектісінде ғылыми-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде», - деді Архмед Мұхамбетов.

Сонымен қатар киелі нысандардың, оның ішінде жергілікті маңызы бар 9 жаңа киелі орынның тиісті инфрақұрылымын жүргізу жұмыстары 2020 жылы жалғасады.


Соңғы жаңалықтар