Калачидегі «ұйқы ауруынан» тұрғындар денсаулығына қауіп жоқ - Мағрипа Ембергенова

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Калачидегі «ұйқы ауруынан» тұрғындар денсаулығына қауіп жоқ. Бұл туралы "ҚазАқпарат" ХАА-нің өңірдегі тілшісіне ҚР ДСӘД Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Мағрипа Ембергенова мәлім етті.

Еске сала кетсек, соңғы бірер жыл бойы Ақмола облысының Есіл ауданындағы Калачи және Красногорск елді мекендеріндегі тұрғындардың үлкені де, кішісі де халық арасында "ұйқы ауруына" аталып кеткен құпия дертке шалдығып келеді. Қазіргі кезде осынау белгісіз дертке байланысты қолда бар мәліметтерге қарағанда Калачи ауылы тұрғындарының 17 пайызы диспансерлік есепте тұрған көрінеді. Әсіресе, өткен жылдың екінші жартыжылдығында аурудың белсенділік танытқаны сонша, тіпті, күні 4-5 адамның бірден ұйқытап қалған кездері де болды. Мамандардың айтуынша, соңғы бір айдың ішінде 45-ке жуық адам дәрігерлердің көмегіне жүгінген екен.

Осыған байланысты өткен жылдың 8-ші желтоқсан күні "ҚазАқпарат" ХАА-нің өңірдегі тілшісінің аталған елді мекендердегі сыры ашылмаған "ұйқы ауруы" жайлы "Қазақстандағы Калачи «құпиясын» кім ашады?" атты талдау мақаласы жарық көрген еді. Сол кезде мақала соңында автор өзін толғандырып жүрген сауалдарды ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенованың атына жолдағанын және оның жауабын алған кезде «ҚазАқпарат» оқырмандарын хабардар ететіні жөнінде айтқан болатын.

Міне, бүгін тілшіміздің бұл сауалына ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Мағрипа Ембергенова үн қатып отыр.

М.Ембергенованың айтуынша, бүкіл елді дүрліктірген Калачи ауылындағы жағдай ҚР ДСӘДМ бақылауында тұрған көрінеді.

«Белгісіз генезді энцефалопатия» диагнозымен тіркелген науқастарға медициналық көмек көрсету үшін, бүгінгі күнде Красногорск дәрігерлік амбулаториясында барлық жағдай қарастырылған, дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз етілген.

Медициналық көмекке жүгінген науқастарға дезинтоксикалық, жалпы ңығайту терапиясы жүргізілгеннен кейін науқастар жағдайы 2-3 күнде оңалады. Бірақ одан кейін науқастар жағдайының төмендеуі байқалмайды.

Калачи ауылының және оған іргелес жатқан Красногорск кентінің тұрғындарына 2014 жылғы сәуір айынан маусым айына дейін тереңдетілген медициналық тексеру жүргізілді. Тереңдетілген медициналық тексеруден кейін «Қарағай» және «Бурабай» санаторияларында 10 ересек адам және 65 бала ем алды.

2014 жылғы наурыз және қыркүйек айларында Калачи ауылында ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің (бұдан әрі министрлік) «Радиациялық медицина және экология» ғылыми зерттеу институтының, Еңбек гигиенасы және кәсіптік аурулар ұлттық орталығының, Республикалық психиатрия, психотерапия және наркология ғылыми-тәжірибелік орталығының, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының жетекші мамандары жұмыс жүргізді.

2014 жылғы 26 желтоқсаннан Калачи ауылы тұрғындарының денсаулық жағдайының паспорттау басталды.

«Ұйқы ауруынан» тұрғындар денсаулығына қауіп жоқ. Алынған биоматериалдарға жүргізілген зертханалық зерттеулердің қорытындысы бойынша, аурудың вирустық, бактериалдық себептері жоққа шығарылды. Сонымен қатар, «Белгісіз генезді энцефалопатия» диагнозының себебін анықтау үшін толық ауқымды кешенді зертханалық зерттеулер жүргізу қажет.

Калачи тұрғындарын басқа жаққа көшіру мәселесін шешу Министрліктің құзіретіне кірмейді. Ал бұл ауылдағы жағдай Министрліктің бақылауында тұр", делінген М.Ембергенованың жауабында.

Соңғы жаңалықтар