Қала күні қарсаңында Астанада Кеңес Дүйсекеевтің шығармашылық кеші өтеді

None
None
АСТАНА. 4 маусым. ҚазАқпарат - Қала күні қарсаңында астаналықтарға теңдесіз тартулар жасалатын болады.

Солардың бірі ретінде Конгресс-Холл сахнасында туындылары халық жүрегінен орын алған композитор Кеңес Дүйсекеевтің шығармашылық кеші өтпек. Бұл туралы astana.kz сайтында хабарланды.

Кеңес Дүйсекеев елге кеңінен танымал бірқатар музыкалық шығармалардың, кинофильмдер мен театрлық қойылымдар музыкасының авторы. Оның шығармашылығы Қазақстаннан өзге халықаралық деңгейде де кеңінен танымал. «Жайлаудағы таң», «Көшпенділер», «О, Туған жер» сынды композитордың бірегей туындылары қазақ эстрадасының алтын қорына енгені белгілі.

Кеңес Дүйсекеевтің әніне жазылған өлеңдер тыңдаған жанның құлақ құрышын қандырардай әуезді, сондықтан да болар, оның әндері қазақ эстрадасы жұлдыздарының арасында үлкен сұранысқа ие. Қазіргі таңда композитор Қазақ Ұлттық өнер университетінің «Композиция және опера-симфониялық дирижер» кафедрасында жас тәлімгерлерге дәріс беруде.

Қала күні қарсаңында өтетін кеш барысында астаналықтар мен елорда қонақтары қазақ эстрадасының жарық жұлдыздарының орындауындағы Кеңес Дүйсекеевтің әндерін тыңдай алады. Шығармашылық кештің қонақтары Роза Рымбаева, Нағима Есқалиева, Жұбаныш Жексенұлы, Мақпал Жүнісова, Мәдина Сәдуақасова, Мемлекеттік филармония әртістері және Астана қаласының эстрадалық-симфониялық оркестрі болмақ.

Соңғы жаңалықтар