Кәкей Жаңжуңұлы - Алтай шыңындағы өшпес із

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат -  ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында қазақтың көрнекті ақыны, қазақ диаспорасы әдебиетінің дамуына елеулі үлес қосқан қайраткер, ұстаз ақын Кәкей Жаңжуңұлының туғанына 70 жыл толуына арналған «Алтай шыңындағы өшпес із» атты дөңгелек үстел өтті.          

Шараға ақынның Астана қаласындағы шәкірттері мен үзеңгілес әдебиетші достары, жерлестері және зиялы қауым өкілдері қатысты.  Өнерпаздар ақын өлеңіне жазылған әндерді орындап, жырларын жатқа  оқыды.

Кәкей Жаңжұңұлы 1947 жылы Моңғолияның  Баян-Өлгий аймағы, Бұлғын елдімекенінде дүниеге келген. Алматыдағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын бітірген соң туған аулының орта мектебінде оқытушы, директор қызметтерін атқарады. 1982-1993 жылдар аралығында  Моңғолиядағы қазақ әдебиетінің бөлімшесін басқарады, «Шұғыла» әдеби журналының бас редакторы болған.

Моңғолиядағы қазақ орта мектептеріне арнап әдебиет оқулығын дайындаған әдіскер ғалым, айтыс өнерінің қанат жаюына, ауыз әдебиетінің үлгілерін жинауға және  этно ән өнерінің тобын құрып, халыққа насихаттауда өлшеусіз үлес қосқан. Моңғолиядағы қазақ әдебиеті кеңесін басқарған және Моңғолия Жазушылар одағы сыйлығының лауреаты. Ол талай жасты әдебиет деген киелі әлемге тартып, оның қыр сырына баулыған еді. Ақынның тіл, әдебиет, тарих, этнография, өнер саласындағы білімінің телегей теңіз тереңдігіне талай жандар тәнті болды. Қаламынан туған оншақты жыр жинақтары мен әзіл-сықақ әңгімелері, қазақ және моңғол тілдерінде жарияланған.

Шығармалары: «Жауқазын»,  «Маусым», «Жебе», «Қош бол, көктем!», «Мен - Қазақпын», «Жұмаққа апарар жол». Алтай қазақтарының арасынан шыққан ағартушы ақын Ахыт Үлімжіұлы ақынның шығармалар жинағын құрастырды (1991, 1994, Қ. Қалиасқарұлымен бірге).

1993 жылы ұшақ апаты салдарынан мезгілсіз қаза тапқан ақынның артында құнды әдеби мұрасы мен қазақ руханияты үшін жасаған еңбегі қалды. Атажұрты оны «Барам, апа, көктемде» деген әні арқылы жақсы таниды. 

Соңғы жаңалықтар