Каирдегі Әл-Азһар университетінде Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығына арналған конференция өтіп жатыр

None
Фото: ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметі
КАИР. ҚазАқпарат – Египет астанасы Каирдегі Әл-Азһар университетінде Мысыр мен Шам елінің әйгілі билеушісі болған Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтіп жатыр. Жиынға ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған қазақстандық делегация, Египет, Ливан, жалпы ислам және түркі ғалымдары, зерттеуші-тарихшылар қатысуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетейік, биыл Дешті Қыпшақ даласынан шыққан даңқты қолбасшы, орта ғасырда Мысырда Мәмлүктер мемлекетінің негізін қалап, ұзақ жылдар Мысыр мен Шам елін билеген Сұлтан аз-Захир Бейбарыстың 800 жылдық мерейтойы. Осы мерейтойға орайластырып бірқатар ауқымды халықаралық іс-шаралар жоспарланған болатын. Соның бірі осы әл-Азһар университетіндегі халықаралық жиын. Ал осыған дейін Каир қаласында күрделі жөндеуден өткен Сұлтан әз-Захир Бейбарыс мешіті салтанатты түрде ашылып, оған ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған делегация қатысты.

Конференция аясында «Байбарыс араб және түрік сұлтаны» деген үлкен кітаптың тұсаукесері өтеді. Сонымен қатар, халықаралық конференциядағы айтылған пікірлер, жазбалар мен ғылыми тұжырымдар жеке жинақ ретінде шығарылмақ. Ол жинақ бірнеше тілде шығарылады.


Айта кетейік, Әл-Азһар университеті әлемдегі беделді іргелі оқу ордасына айналған. Қазір Әл-Азһар университетінде 9 факультет (теология немесе дін негіздері, шариғат, әдебиет, әкімшілік істері және сауда, политехника, ауыл шаруашылық медицина, педагогика, мұсылман қыздар факультеттері) бар. Университет жанында Ислам зерттеулері академиясы және басқа діни институттар мен оқу орындары жұмыс істейді.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да әл-Азһар университетімен ынтымақтастықта қызмет етеді. Екі тараптың арасында жасалған келісім бойынша жыл сайын қазақстандық имамдар үшін бірқатар білім гранты бөлініп, қазақстандық теолог ғалымдар, имамдар осы білім ордасында білімін жетілдіреді.


Соңғы жаңалықтар