Каирде құмды дауыл төрт адамның өмірін қиды

None
Видеодан алынған кадр/ thenationalnews.com
КАИР. ҚазАқпарат – Қатты құмдауыл бейсенбі күні Каир аспанын қызғылт түске бояп, автокөліктегі өте үлкен жарнама тақтасын құлатты. Салдарынан бір адам қаза тауып, бесеуі жарақат алды. Бұл туралы ҚазАқпарат MENA-ға сілтеме жасап хабалайды.

Күн райының қолайсыздығынан ел астанасының жолдарында кептеліс болды. Билік өкілдері Қызыл теңіздегі екі портты жабуға мәжбүр болды, себебі желдің жылдамдығы шамамен 13 м/с, ал толқындардың биіктігі 4 метрге жетті.

Полиция Каирдегі серіктес қалада жарнама тақтасы құлап тағы бір адам қаза тапқанын хабарлады.

Каирден шығысқа қарай орналасқан Суэц қаласында тепе-теңдікті сақтай алмаған жас жігіт төртінші қабаттың балконынан құлап кеткен.

Ніл сағасындағы Менуфия провинциясында тағы бір ер адам құмдауыл құрбаны болды. Оған құрма пальмасы құлаған.

Құлап түскен алып жарнама тақтасы Нілдің шығыс пен батыс жағалауын қосатын October 6 көпіріне орнатылған болатын. Көпірдегі көлік қозғалысы тоқтатылды.

Интернетте жарияланған кадрларда алып құм толқыны Каирден Суэцке қарай құм дала арқылы қозғалып бара жатқаны бейнеленген. Оны көріп, үрейленген көлік жүргізушілері кері бұрылып, қарсы беттегі қозғалыс жолына шығып кеткен.

«Хамасин» деген атпен танылған құмды дауыл Египетте әдеттегі құбылыс саналады, бірақ мұндай ірі жайсыз ауа райы сирек кездеседі.

Құмды дауыл мен аптап ыстық жұмаға дейін жалғасады деген болжам бар.


Соңғы жаңалықтар