«Қаһармандар» қоғамдық қорының Ақмола облыстық филиалы ашылды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында «Қаһармандар» қоғамдық қорының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Қордың басты мақсаты - Қазақстанның тәуелсіздігі жолында күресіп, зардап шеккен тұлғаларды еске алу және олардың атқарған еңбектерін насихаттау. Шараға ғалымдар және қоғам өкілдері қатысты.

«Елбасы Н.Назарбаевтың «Мәңгілік Ел» стратегиясы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы шеңберінде Қазақстанның Тәуелсіздігі және территориясының тұтастығы үшін күрескен қазақстандықтарды еске алу және ақтау, олардың есімдерін халық арасында дәріптеу рухани жаңғырудың маңызды кезеңі болып табылады», деді жиында сөйлеген Ақмола облысының ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлжанар Шөкеева.

Қордың құрылуына академиктер Мәмбет Қойгелдиев, Дихан Қамзабекұлы, ғылым докторлары Бүркіт Аяған, Зиябек Кабульдинов, Талас Омарбеков, Амангелді Айталы, Сейдахмет Құттықадам сияқты отандық ғалымдар мен қоғам қайраткерлері ұйытқы болды.

Қордың қамқоршылық кеңесінің төрағасы ретінде белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Орлабай Әбдікәрімов сайланды.

Қор президенті, ҚР Парламентінің экс-депутаты, ҚР Жоғары сотының экс-судьясы Сабыр Қасымов ұйымның алдағы тұрған міндеттері туралы айтып берді.

Оның сөзінше, Отан үшін әртүрлі ұлт өкілдерінің жасаған батырлығы мен ерлігін дәріптеу арқылы өсіп келе жатқан жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру маңызды.

Кездесуде жиналғандар өздерінің ойларын айтып, жаңадан құрылған қоғамдық қордың жұмыс форматына өздерінің ұсыныс - тілектерін білдірді. Әсіресе, зерттеу жұмыстарын тарихтың ақтарылмай жатқан құпиясы көп ауылдық елді - мекендерде жүргізу мәселесі айтылды.

Бұдан бөлек, «Қаһарман» қоғамдық қорының Ақмола облыстық филиалының басшысы сайланды. Бұған жиналғандар ашық дауыс беру арқылы Көкшетаудағы М.Ғабдуллин мұражайының директоры Құдайберлі Мырзабектің кандидатурасы лайық деп шешті.

Соңғы жаңалықтар