Қағаз жүзінде құжат талап ету әлі де сақталып отыр - Президент

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Цифрландыру қарқынын еш бәсеңдетпеуіміз керек. Бұл туралы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 6-отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Цифрландыру - мемлекеттік саясаттың ұзақ мерзімді басымдығы. Мен жақында арнаулы комиссияның отырысын өткіздім. Алдымызда тұрған жаңа міндеттерді айқындадық. Біз цифрландыру қарқынын еш бәсеңдетпеуіміз керек. Бұл үрдіс барлық саланы қамтуға тиіс.

Бірнеше мысал келтірейін. Қазір ақпараттық базалардың арасында байланыс жоқ. Соның салдарынан қағаз жүзінде құжат талап ету үрдісі әлі де сақталып отыр. Ұлттық кеңестің мүшесі Ләззат Қожахметова және Уайс Ерсайынұлы осы мәселеге тоқталды. Мәселен, электронды үкімет базасына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көрсететін қызмет түрлері енгізілген. Онда атаулы әлеуметтік көмек немесе көпбалалы анаға төленетін жәрдемақы алатын азаматтар туралы мәлімет бар. Соған қарамастан жергілікті атқарушы органдар және білім беру мекемелері тұрғындардан мөр басылған қағаз анықтама қажет етеді», - деді ҚР Президенті.

Мемлекет басшысының дерегінше, биыл ХҚКО-лар осындай 2 миллионнан астам құжат берген.

«Қазіргі цифрландыру дәуірінде мұның еш қажеті жоқ. Қарапайым мәселені мемлекеттік органдар өздері қиындатып отыр. Электронды үкіметтің базасына әкімдіктер, Білім және ғылым министрлігінің ақпараттық жүйелерін қосу керек. Сонда Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысын жеңілдетеміз. Азаматтардың уақытын үнемдейміз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

ҚР Президенті құжат айналымын және іс жүргізуді цифрландыра берген жөн екендігін баса айтты.

«Қазір елімізде еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесі біртіндеп енгізіліп жатыр. Бұл жүйе еңбек кітапшаларынан бас тартуға және қағазбастылықтан құтылуға мүмкіндік береді. Дегенмен, жұмыс берушілердің көбі әлі күнге дейін қызметкерлерінен еңбек кітапшасын, жеке парағы мен жазбаша өмірбаянын тапсыруды талап етеді. Азаматтардың бұған наразылық білдіруі орынды. Мұндай ескі тәсілдерден арылу қажет», - деді Мемлекет басшысы.


Соңғы жаңалықтар