Қағаз құжаттар жүйеден шығарылып, жәрдемақылар проактивті форматта бекітіледі - Еңбек министрі

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Сенатта ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Әлеуметтік кодекстің жобасын таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ведомство басшысы өз сөзінде аталған кодекс жаңа әлеуметтік саясатты құру үшін негіз болатынын, оның басты мақсаты әрбір отбасының әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсарту ісінің негізін қалыптастыру екенін атап өтті. Оны іске асыру үшін мемлекет, бизнес және азаматтар арасында жаңа әлеуметтік келісімшарт жасау көзделген.

«Әлеуметтік кодексті әзірлеу кезінде халықаралық тәжірибе мұқият зерделеніп, Еуропа одағының Әлеуметтік кодексі басшылыққа алынды, бірақ бұл ретте еліміздің өз ерекшеліктері жан-жақты ескерілді. Кодекстің жобасы 5 бөлімнен, 19 тараудан және 267 баптан тұрады», - деді Т. Дүйсенова.

Осы орайда министр құжатта қамтылған тың қадамдарға тоқталды. Бірінші новелла – бұл мемлекеттік органдардың барлық қолданыстағы ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде қалыптастырылатын Отбасының цифрлық картасы (ОЦК). Оны енгізу аясында қазақстандықтар тең дәрежеде мемлекеттік қолдау жүйесінің көмегіне сүйене алады.

«Сондықтан Кодексте біз ОЦК-ны әлеуметтік саясаттың орта және ұзақ мерзімді міндеттері мен бағыттарын айқындау құралы ретінде белгіледік. Яғни мемлекет кімге, қашан, қандай көмек қажет екенін анықтап қана қомай, әлеуметтік тәуекелдердің алдын алу іс-шараларын қарастыруға мүмкіндік алады. Сондай-ақ, ОЦК адамдарға SMS-хабарламалар жіберу арқылы мемлекеттік қолдаудың қандай түрін алуға құқылы екендігі туралы хабардар ететін электрондық жаршы құралы қызметін атқарады. Жәрдемақылар мен төлемдер ақпараттық жүйеде бар деректер негізінде проактивті форматта бекітілетін болады. Қолданыстағы қағаз құжаттар кезең-кезеңмен жүйеден шығарылады», – деді Тамара Дүйсенова.


Соңғы жаңалықтар