Қадыс Жәнәбілұлы: Қазақ хан­­дығының 550 жылдығы - ұлт рухын серпілтіп, ұрпақ санасын жаңғыртатын мерейі үстем мереке

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жуырда Қазақ хан­­дығының 550 жылдығын атап өту шараларының аясында қазақтың ХVІІІ ға­сырдағы ел қорғаған даңқты қолбасшыларының бірі, Байтайлақ батырды еске алуға арналған, халықаралық деңгейдегі ауқымды іс-шара өткізілген болатын.

Қытай елінде тұратын белгілі қоғам қайраткері Қадыс Жәнәбілұлы қазақ батырының рухын асқақтатқан осы мерейлі шараны өткізуге мұрындық болған екен. Қазақ еліне игі істің бастамашысы болып, арнайы келген Қадыс ағамызбен сұхбаттасудың сәті түсті.

***

- Биылғы жылы Қазақ хандығының 550 жылдығын мемлекеттік деңгейде тойлап жатырмыз. Сіз Қытайдан арнайы келіп осы атаулы мерекенің шеңберінде ұйымдастырылған Байтайлақ батырды еске алуға арналған шараның өтуіне бастамашы болыпсыз. Батыр бабамыздың рухына арналып, құрмет көрсетілген той қалай өтті?

- Мен Қытайда тұрып жатқан қазақтың бірімін. Қазақтар әлемнің қай түкпірінде жүрсе де өзінің дәстүрі мен мәдениетін, төл тарихын санасында мықты сақтауы керек. Осы жолғы Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына орайластырып, Жоңғар шапқыншылығына қарсы соғыста ерен ерлігімен көзге түскен қазақ батырларының бірі, Байтайлақ Бәйімбетұлын еске алып, ұлықтап отыруымыз - соның бір көрінісі.

Байтайлақ батырды еске алуға арналған барлық шаралар алдын ала жоспарланған кестеге сәйкес тыңғылықты ұйымдастырылып, жемісті аяқталды. 27 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданы Қалба тауы бөктерінде батырдың кесенесінде ас берілді. Жергілікті халық арасында «Байтайлақ қорымы» деп аталатын төбе басында ұйымдастырылған аталмыш шараға Жарма ауданының әкімінің міндетін атқарушы Айдар Маратұлы, Ақын-жазушы, Моңғолияға еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Шынай Рахметұлы, Моңғолия Республикасы Баян-Өлгей қазақ аймағының әкімі Дәрмен Құзкейұлы қатарлы қонақтар арнайы келіп қатысты. Сол Байтайлақ батырдың басына тұрғызған биіктігі 17 метрлік, мұнаралы кесенені белгілі кәсіпкер Ділдәхан Дәлелұлы есімді азамат өз қаражатымен салдырды.

Ал, 29 қыркүйек күні Байтайлақ батырға арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция Астана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткізілді. Конференцияда белгілі тарихшы ғалымдар баяндама жасап, Байтайлақ батырдың Қазақ еліне сіңірген еңбегі хақында ой толғады.Осылайша үш күнге созылған шара Астанадағы Жастар сарайында өткен Байтайлақ батырдың рухына арналған үлкен концертпен қортындыланды.

- Байтайлақ батырдың тарихи тұлғасы мен ел қорғау жолындағы ерлік іздеріне де шолу жасай кетсеңіз?

- Менің оқыған мамандығым экономика болса да, қазақтың тарихы мен этнографиясын танып білуге, шежіресін жинауға ерте бастан ден қойдым. Алтайдың әкімі болып жұмыс атқарған жылдары ел арасындағы шежірелерді жинауды ұйымдастырдым. Сол уақыттарда ұрпақтан ұрпаққа аманатталып қалдырылған 50-ге жуық шежіре табылды. Олардың алды 200 жылдан бұрын жазылып сақталған екен. Бұл мұралар жеке рулық, аталық шежірелерді ғана таратып қоймай, арасынан тарихи тың деректер де кездеседі. Міне, Байтайлақ батыр туралы мәліметтерді осындай тарихи шежірелерден және басқада тарихшы ғалымдардың еңбектерінен көптеп кездестіруге болады.

Байтайлақ Бәйімбетұлы1703-1781 жылдары өмір сүрген. Он екі рулы Абақ керейдің Шеруші руынан шыққан батыры. Алғаш 1723 жылы Жоңғар шапқыншыларымен болған ұрыста ерен ерлігімен көзге түседі. Осыдан бастап даңқты сардар қазақ халқының жоңғар, шүршіт, қырғыз, орыс шапқыншыларына қарсы соғыстардың барлығына да қатысып отырған. Сол замандарда толарсағынан қан кешіп елі мен жерін қорғап, шапқыншы жаулармен соғысқан 50-ден астам қазақ батырларының аты бүгінге жетсе, солардың арасында Байтайлақ батырдың есімі де ел есінде ерлігімен жатталып қалған.

- Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған мерейтойдың маңызына тоқталсаңыз?

- Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері төл тарихын өзі зерделеп жазатын кең мүмкіндікке қол жеткізді. Бұл тарихи датаны атап өту, ел абыройын асқақтататын, ұлт рухын серпілтетін, ұрпақ санасын жаңғыртатын мерейі үстем мереке болды деп білемін. Қазақ хандығы дәуірі қазақ тарихының бір кезеңі. Ұлт тарихының бастауы бұдан да тереңде жатқаны бәрімізге белгілі. Сақ, үйсін, ғұн, көк түрік, қаңлы-қыпшақ, Алтын Орда дәуірлері біздің төл тарихымызға тікелей қатысты. Олардың әрқайсысы ірі империя болған. Осыған ру, ұлыс ретінде қарайтын адамдар да бар. Қазіргі кейбір ұлттар оны ата-бабасы етіп меншіктегісі де келеді. Сол тұстағы Түркі қағанатының құрамында 130-дан астам ұлт пен үлкен ұлыстар өмір сүрсе, бүгінгі күні түркі тілдес халықтардың саны 40-қа жетпейтін болып қалған. Осы тарихи кезеңдердің барлығы да тереңдеп зерттеуді қажет етеді. Ізденушілеріміз ұлтымызға қатысты өзге ұлттардың тарихшылар жазған мұрағаттарды оқығанда, автордың сол тарихи дәуірді жазудағы мақсаты мен кітапқа жазбай қалдырып кеткен сырын іздеуі керек. Автор өзі жасап отырған қоғамның көзқарасымен немесе саяси астармен шын тарихты бұрмалап жазуы да мүмкін.

- Қазақ тарихының тереңіне бойлау, рулар тарихының көне іздерін ашудан басталатыны бүгінгі ғалымдардан жаппай қолдау тапқан үрдіс. орта жүздің керей руы Қазақстаннан тысқары шетелдерде көбірек қоныстанған. Осының тарихи себептерін айтып берсеңіз?

- Біз бұл көш туралы айтпас бұрын ескі шежірені бір шолып өтсек. Өйткені, Алтай жері керейлердің осыған дейін де күл төккен ата қонысы болған киелі мекен. Керей (керейіт) жұрты тарихтың алғашқы беттерінде біздің заманымыздан бұрынғы ІІ-ІІІ ғасырларда Моңғол үстіртінде мекендегені белгілі. Ал, тарихқа айқын із қалдыруы, үлкен ұлыс болып тарих сахнасына көтерілуі біздің заманымыздың 10 ғасыры. сол кездің өзінде халық саны 400 мыңға жеткен және соғды жазуын (көне ұйғыр жазуы) қолданған, мәдениеті дамыған, күшті ұлыс екендігі айтылады.

Шыңғысхан көшпелі моңғол тайпаларының басын біріктіріп, ұлы хандық орнатуы қарсаңында керей - ұлы даладағы ең үлкен, саны да басым тайпа болған. Керейдің Тұғырыл ханы Ясукеймен «анда» дос болғандықтан Темучин Тұғырылды «әке» деп атаған. Кейін Тұғырыл хан мен Шыңғысхан арасындағы одақтық байланыс бұзылып, қанды шайқасқа ұласты. Соғыста керей ұлысы жеңіліс тапты. Деректерге жүгінсек, осыдан кейін керей ұлысының халқы 14 ұлт пен руға телім болып кірігіп кеткен екен. Тек ХІІІ ғасырдың соңына қарай тоз-тозы шыққан ұлыс халқының бір бөлігі қазіргі Қазақстанның солтүстігінде қайтадан бас біріктіріп, Ашамайлы керей, Абақ керей деген екі үлкен тайпа атымен тарих саханасына көтерілді. Сол кезеңдерде билік басындағы Жошының ұрпақтары Тұғырыл хан мен Шыңғысханның бір-бірімен «әке мен бала» қарым-қатынасында болғанын ескеріп, керей тайпасын хан тұқымы деп қараған. Сондықтан қыз беріп, қыз алысып құдандаласқан. Тұғырыл ханның шөбересі Кергіні ұлысты басқаратын хан етіп сайлаған. Былайша айтқанда, керейдің өзін-өзі билеуіне жол қойған. Тарихшылар сол Кергі хан Қазақстанның солтүстік өңірінде Теңді деген қала салдырған дейтін деректер ұсынады. Кейіннен Қазақ хандығы құрылған уақытта қазақ ұлты болып ұйысқан ру, тайпалармен бірлікте керей рулары да хандық құрамына қосылды.

Ал, керей руының қазіргі Қытай жеріне қоныс аударуы Жоңғар шапқыншыларымен болған соғыс толық аяқталып, жеңіске жеткеннен кейін орын алды. 1756 жылдары Ашамайлы керей Қазақстанның солтүстігінде, қазіргі Ақмола, Павлодар облыстарының аумағында мекендеп қалады. Бұл кезде Абақ керей Шығыс Қазақстандағы Қалба тауына көшіп келеді. Осыдан кейін 30 жылдай ес жиып, еңсе көтеріп алған соң, 1775 жылдардан бастап ата жұрт, түп мекен Алтайға қарай көш түзейді. Қазіргі кезде 12 рулы Абақ керей өз ішінен 84 кіші руға бөлінеді.

- Бүгінгі күні Қытай мен Қазақстан арасындағы екіжақты достық қарым-қатынастар түрлі салалар бойынша қарқынды дамуда. Көрші елдердің бұл достық байланыстарын қалай бағалайсыз?

- Мен Қытай мемлекетінде тұрып жатқан қазақпын, сол елдің азаматымын, Қазақстан - қазақ ұлтының құрған тәуелсіз мемлекеті. Бүгінгі күні батыр бабаларымызды ұлықтаған осындай шараларды өткізіп, Қазақ еліне келіп-кетіп жүргеніміз екі елдің сенімді достығының арқасы. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ халқы әлемге танылды. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Қазақстан-2030», «Қазақстан-2050» және «Нұрлы жол» бағдарламалары,Қазақстанды дамудың жаңа сатысына шығаруды көздеген «Ұлт жоспары - 100 нақты қадам» қатарлы реформалық шараларының жолға қойылуы көреген саясаткердің сәтті қадамы деп білемін. Қазақ Президентінің тағы бір жүргізіп отырған оң саясаты, елдегі өмір сүріп жатқан 130 ұлтты досым деп, түркі жұртын арқа сүйер сүйенішім деп, қазақ болса, менің бауырым, қандасым деп қарайтындығы.

Қытай елі ұлы мемлекет деп саналады. Сол сияқты Қазақстанды да тарихи таныммен таразылап, қазіргі мемлекеттің барлық болмысына қарай отырып ұлы мемлекет деп атауға болады. Осы екі ұлы елдің тату көршілік қарым-қатынастары тарихтан бері жалғасып келеді. Қарап тұрсаңыз, екі елдің жүргізіп отырған саясатында да үндестік табылады. ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің «Жұңго арманы» (Қытай елі арманы) деген бағдарламасы бар. Бұл қандай арман десеңіз? 56 ұлттан құралған Қытай халқын бақуатты, бай етіп, мемлекетті қуатты, жаңаша дамуға бағыттау. Және ҚХР төрағасының бастамасымен қолға алынған ірі халықаралық жоба «Жібек жолы» бағдарламасын атауға болады. Ал қазіргі күні Қытайда мемлекетті заңмен басқару шарасы жолға қойылып жатыр. Осы арқылы жемқорлыққа пәрменді соққы беріп, халықты разы етіп отыр.

- Сіз өзіңіз де әкім болып тұрған жылдары Қазақстан мен Қытайдың көршілес аймақтарының арасында экономикалық, әлеуметтік және мәдени байланыстардың орнауына дәнекер болыпсыз. Қазақстанға алғаш қай жылдары жолыңыз түсті?

- Мен 1989 жылы маусым айында Шығыс Қазақстан облысының шақыруымен, ҚХР Алтай аймағының делегациясын бастап Алматы қаласында және Шығыс Қазақстан облысының аудан, қалаларында сапарда болдым. Сапар аясында экономикалық, әлеуметтік және мәдени салалар бойынша келісімдер жасастық. Сондай-ақ, екі елдің арасында шекара өткелін ашу туралы ортақ пікірге келіп, екі тарап ұсыныстармызды орталық билікке жолдауға уағдаластық. Көп уақыт өтпей ұсыныстарымыз үкіметтен қолдау тауып, «Майқапшағай» шекара бекеті ашылды. Осылайша, түрлі саяси ауқымның ықпалымен 30 жылдан артық тоқырап қалған екі көрші аймақтың арасындағы достық байланыстар жандана түсті. Осыдан кейін 1992 жылы қыркүйекте Қазақстанда екінші рет сапарда болдым. Бұл жолы Қазақстанның Павлодар, Семей, Шығыс Қазақстан облыстарын аралап, бірқатар сауда келісімдеріне қол қойдық. 1992 жылы қазан айында тағы да Шығыс Қазақстан облысына ҚХР Алтай аймағының 62 адамдық делегациясын бастап келдім. Бізді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Аманкелді Бектемісов бастаған Қазақстанның сауда және мәдениет саласының жауапты басшылары қарсы алды. 7 күндік сапар барысында екі елдің бизнесмендері арасында түрлі сауда келісімдері жасалды. Сонымен бірге Алтай аймағының өнер ұжымы концерт қойды.

- XV ғасырда жазылған қ азақ медицинасының түп кітабы «Шипагерлік баян» 5 ғасырдан соң Алтайдан табылып, бар қазақтың мерейін үстем етті. Кітапты сақтаушы адам, ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа аманатталып, құпия ұсталған мұраның сырын алғаш сізге ашыпты...

- Ғұлама шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы 1388-1478 жылдар аралығында өмір сүрген. Ғалым «Шипагерлік баян» кітабын Жәнібек ханның тапсыруы бойынша 70 жасында жаза бастап, Жәнібек хан дүние салған 1473 жылы, 85 жасында кітапты жазып бітіргені жөнінде дерек қалдырған. «Шипагерлік баян» кітабында өсімдіктен алынатын 728 түрлі, жан-жануарлардан алынатын 318 түрлі, металл-металлоидтардан түзілетін 318 түрлі шипалық қасиеті бар дәрілердің атауы, 500-ге тарта анатомиялық атаулардың келтірілген. Аталмыш кітап осы уақытқа дейін ғалымның Қытай елінде тұратын ұрпақтарының қолында сақталып келген. 1990 жылы тамыз айының бір күні жұмыс кабинетіме мені іздеп Нұртай Түменбайұлы деген азамат келді. Ол қолында 500 жыл бойы, отыз неше ұрпақ қолдан-қолға аманаттап, құпия сақтап келген көне кітаптың бар екенін айтты. Сол мұраны ашыққа шығару-шығармау туралы сізбен ақылдасуға келдім, - деді. Мен мұндай бағалы мұра шындығында бар болса тезірек жарыққа шығар, халқымыздың кәдесіне жаратайық деп кеңес бердім. Бірақ, сол жолы Нұртай кітаптың жай-жапсарын ашып айтпай кетіп қалды. Оның әңгімесінен қалайда бір сыры ашылмаған мұра барын аңғарып, қазан айында шақыртып алып тағы әңгімелестім. Кітапты тапсырғаны үшін оның жұмыссыз жүрген екі баласына өмірлік жалақы алып тұратын мемлекеттік штат бергізіп, жұмысқа орналастырдым. Осылайша «Шипагерлік баян» кітабы 1994 жылы Үрімжіде, 1996 жылы Алматыда басылып шықты. Қытай үкіметі кітаптың құндылығын бағалап, 1997 жылы «Мемлекеттік бірінші кітап» деген сыйлықпен марапаттады. Қазіргі күні бұл кітапты мамандар қытай тіліне аударып жатыр.

Мен 1985 жылы Үрімжі қаласында ШҰАӨ-нің жетінші бесжылдық жоспарын талқылауға қатыстым. Сол бесжылдық жоспарда «6 жерде ұйғырдың ұлттық емханасы, 2 жерде моңғолдың ұлттық емханасы салынады» - деп жазылыпты. Мен жоспарды әзірлеген жауапты адамдарға «Шынжаңда ұйғыр ұлтынан кейін қазақтар көп қоныстанған, қазақтардың ұлттық емханасын салуға неге қаржы бөлмейсіздер?» - деп сұрақ қойдым. Олар «біз тарих маманы емеспіз, қазақтың ұлттық медицинасы бар болса, алдымен өздеріңіз бастап жолға қойып, басқаларға танытыңыздар» деген пікір айтты.

Алтайға келген соң «Қазақ емханасын» салдыруды қолға алдым. Кедергілер де көп болды. Жұмысымызға сол кездегі ШҰАӨ төрағасының орынбасары Қыдырбай Мүрсәлімұлы барынша қолдау көрсетті. 1987 жылы Алтайға сапарлай келген ҚХР денсаулық сақтау министірі Сүй Юльи де салынып жатқан ұлттық емхананы көріп, қызғушылық танытты. Ол, емхананы кеңейтіп заманға сай, кемелді орталық етіп құрып шығуға нұсқау берді. Бұрынғы бөлінген қаржыға үстемелеп 3 миллион юань ақша қосып берді. Осылайша толыққанды жұмыс істейтін, нағыз заманға сай дәстүрлі қазақ емханасы бой көтерді. Бұл бастама кейін әрі қарай да жалғасын тауып, 2008 жылы Алтайдағы медициналық колледжде Қазақ медицинасы факультеті жұмыс істей бастады. 2011 жылы Үрімжіде Шыңжаң медицина университеті жанынан Қазақ медицинасы кафедрасы ашылып, Қазақ медицинасының жоғары білімді мамандарын даярлап шығу мүмкіндігіне қол жеткізді.

***

Қадыс Жәнәбілұлы (1936 жылы ҚХР, Алтай аймағында туылған) - белгілі қоғам қайраткері, шежіреші-тарихшы. 1979-1994 жылдары ҚХР Алтай аймағының (құрамында 7 аудан бар) әкімі, 1996-2003 жылдары ҚХР ШҰАӨ Халық өкілдер құрылтайы тұрақты комитеті (парламент) төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған. Сонымен бірге 1987-1991, 1993-1997 жылдары Қытайдың бір палаталы бүкіл мемлекеттік халық өкілдері құрылтайының депутаты болған. Ол әкімшілік жұмыстарымен қатар қоғамдық жұмыстарға да белсене атсалысты. Қытай Орта Азия мәдениетін зерттеу қоғамы басшысының орынбасары, Шынжаң халықаралық Алтайтану ғылыми қоғамының төрағасы, Алтай аймағындағы қазақ ұлттық медицинасын зерттеу орталығының құрметті төрағасы сынды жұмыстарды атқарады. Сондай-ақ, Қадыс Жәнәбілұлы - ғылыми-танымдық мақалалар мен тарихи-шежіре кітаптардың авторы, Шынжаң жазушылар одағының мүшесі.

Сұхбаттасқан: Бақытжол Кәкешұлы

Соңғы жаңалықтар