Кадр резервіне енгендер өз қарым-қабілетін көрсететін болады – Асланбек Ибасов

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Президенттік кадр резервіне енгендер өз қарым-қабілеттерін көрсететін болады. Бұл туралы осы конкурсқа қатысқан батысқазақстандық Асланбек Ибасов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

-Бастапқыда бұл конкурсқа шетелдік дипломы бар және жоғары лауазымда жүрген жастар ғана қатыса алатындай көрінген, - дейді ол.

Шын мәнісінде олай емес екен. Өтінішімді беріп, 13 мыңнан астам кандидатпен бірге біраз сынақтан өткеннен кейін барлығының мүмкіндіктері бірдей екендігіне көзім жетті. Талантты да іскер жастарды іріктеп, мемлекеттік басқару ісіне қосу арқылы ел мен қоғам өміріне ықпал етудің бұл да бір жолы деп білемін.

-Асланбек Қабдулоқасұлы, кадр резерві жастарға не береді деп ойлайсың?

-Мұны ашық идеялар мен инновациялардың орталығы деуге болады. Резервке ілінген жастар барлық маңызды бағыттар бойынша мемлекеттік аппаратты едәуір нығайтып, осы бастаманың тиімділігін көп ұзамай көретін болармыз деп ойлаймын.

-Мемлекет басқару ісіне жастар қандай дайындықпен баруы, нендей қасиеттерімен ерекшеленуі тиіс?

-Біріншіден, мемлекеттік қызметте тәртіп ерекше мән-маңызға ие. Сондай-ақ таным-түсінігіңді кеңейте түсу үшін өз-өзіңді үнемі дамытып, тынымсыз іздену, еңбектену керек-ақ.

Қазіргі таңда еліміздің жан-жақты дамуы үшін мемлекеттік басқару ісіне араласқан жастар осы заманғы талаптарға сай болып, жаңаша шешім қабылдай білуі тиіс. Бұл ретте өмір сынынан өткен дәстүрлі іс-тәжірибелерді ұмытуға болмайды. Атақты қолбасшы әрі жазушы Бауыржан Момышұлының атап өткеніндей, халықтың ізгі дәстүрі – біздің ең асыл мұрамыз. Жастар осы халықтық рухта тәрбиеленсе, алар биіктері мен асулары аласармайды.

-Асланбек, қазір қандай қызмет атқарып жүрсің, болашақтағы арман-мақсаттарың жөнінде айта кетсең?

-Күні бүгін Бөрлі ауданы сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы қызметін атқарудамын. Ақсай қаласында тұрып жатырмын. Алдағы уақытта білім-білігімді жетілдіріп, тәжірибемді молайта отырып, өз өңірімнің, еліміздің алдында тұрған мақсат-міндеттерді орындауға өз үлесімді қоссам ба деймін.


Соңғы жаңалықтар