Кәдірбек Сегізбай, жазушы: Отан өзімізге керек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат- Соңғы күндерде елімізде адам қиялына да кірмеген оқиғалар орын алуда. Белгілі бола бастағанындай, шетелдерде арнайы дайындықтан өткен содырлар қару-жарақпен елімізге кіріп алып, көптеген өңірлерде бір мезгілде кәдімгідей майдан ұйымдастырды.

Қазақстанның 30 жылда жеткен жетістігін көре алмаған ішкі және сыртқы жаулар осындай әрекетке барды. Қандай себепті желеу етсе де мұндай қылмыс ақтауға келмейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев дер кезінде батыл шешім қабылдап, елімізді, тәуелсіздігімізді аман алып қала білді. Өкінішке орай, батыстағы кейбір ұйымдар балаңды талаған итті өлтірсең де, жануарларға қатыгездік танытты деп бағалайды. Қарумен елге кіріп бейбіт адамдарға оқ атқан адамдармен келіссөз жүргізуді ұсынады. Президент айтқандай, «содырлармен қандай келіссөз болуы мүмкін?». Президенттің ел тыныштығы мен тәуелсіздігіне қауіп төнген шақта Ұжымдық қауіпсіздік шарттары ұйымына мүше мемлекеттер басшыларынан көмек сұрауы орынды деп ойлаймын. Терроризмге қарсы операция барысында қаза тапқан әскерилерді Алла рахымына бөлесін! Олар өз отанын қорғау жолында шейіт болды. 10 қаңтарды жалпыұлттық аза тұту күні деп белгілеу – сол боздақтар рухына халықтың, мемлекеттің құрметін білдіреді. Мемлекет өзімізге ғана керек. Сондықтан, жастарға айтарым, арандатуларға ермей, ұлт үшін, мемлекет үшін қызмет ету қажет! Қазір қаланы қалың тұман басып тұр. Дегенмен тұман сейіліп, күн шығады. Сын сағаттары да өтіп, жайдарлы кезеңге де жетеміз. Бұл үшін Президент айналасына жұдырықтай жұмылуға тиіспіз.


Соңғы жаңалықтар