Қадір түнінде мешітке барып, кіші қажылыққа жолдама алды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қасиетті Қадір түнінде Алматыдағы Орталық мешітке жиналған мыңдаған адам құлшылығын өтеуде.

Мешіттің ішіне 3 мың адам сиятын болса, сыртында да сонша адам жайнамаздары мен кілемшелер үстіне жайғасқан. Мешіт жамағаты аулаға орнатылған экран арқылы іштегі оқылып жатқан уағызды ұйып тыңдауда. Студенттер мен оқушылардың жоқтығына қарамастан, халық саны жылдағыдай көп болып отыр, дейді мешіт қызметкерлері. «Бүгін еліміздің барлық мешіттерінде игі шаралар атқарылуда. ҚМДБ аппарат басшысы Ғалымбек Мажиевтың бастамасымен Қадір түнінде адамдарға жақсы қызмет көрсету жөнінде мешіттерге тапсырма жүктелді. Тұшымды уағыздар айтылып, көгілдір экран арқылы бейнероликтер қойылды. Алматыда бүгін мыңнан астам адамға ауызашар берілді. Әр мешітке 2-3 имамнан бөлініп, халық арасында әртүрлі викториналық сұрақтар қойылып, танымдық бағдарламалар жүргізілуде», - деді ҚМДБ баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы. Таугүл мешітінде белсенді келушілерге түрлі сыйлықтар табыс етілді.

«Түндердің ішіндегі ең ізгісі Қадір түнінде Рамазан айының басында басталған «Ізілікке жарысайық» тест байқауының жеңімпаздарын марапаттадық. Байқаудың бас жүлдесін Жандарбек есімді жамағатымыз жеңіп алды. ҚМДБ Уағыз-насихат және интернетпен жұмыс бөлімінің меңгерушісі Ершат Оңғаров арнайы келіп, жеңімпазымызға Умра қажылығына жолдаманы табыс етті. Екінші, үшінші орын алған жүлдегерлерге де бағалы сыйлықтар табысталды», - деді Таугүл мешітінің бас имамы Нұржан Таласұлы.

Мұндай ерекше жобаны мешіт басшылығы бірінші рет өткізіп отыр. «Ізгілікке жарысайық» шарасына 20-дан астам азамат қатысқан. Олар отыз күн оразада өздерін ізгілікке тәрбиелеп, әр күні істеген жақсылығы мен ізгі амалдарын қағазға тізіп отырған. Жол ережесін бұзбаса, балағат сөз айтпаса, таң намазы мен құптан намазын жамағатпен бірге оқыса суреттегі тал жапырақтарын жасылға, ал керісінше әрекет етсе, қара түске бояп отырған.

«Бұл жерде олардың өтірік-шын белгілеуін өздерінің ар-намысына қалдырдық. Алайда Рамазан айында олардың өтірік белгілеуі нейғабыл нәрсе. Әрі конкурс туралы ережеде «өтірік айту мен жалған сөйлеудің қаншалықты ауыр күнә екендігі туралы хадистерді келтірдік. Ақыр соңында барлық жапырақтары жап-жасыл болған жамағатымызды үздік деп таныдық», - деді имам.

Соңғы жаңалықтар