KADEX-2018: «Қазақстан инжинирингтің» техникалық жаңғыртылуы елімізге не береді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстан инжиниринг» АҚ басшысы Әсет Құрманғалиев жуық арада компанияны техникалық жаңғыртылуы жоспарланып отырғанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Соңғы жылдары компания қызметтер меп өнімдердің тізімін кеңейту бойынша белсенді саясатты жүргізіп келеді. Осы мақсатта бірқатар ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылды. Олардың қатарында Е-145 тікұшағының құрастырылуын, оптикалық құрылғылардың өндірісін, бронды дөңгелекті техникаларды жасау, авиациялық-техникалық орталықтың құрылуын атап өтуге болады. Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде таяу жылдары қорғаныс-өндірістік кешені саласындағы 9 кәсіпорын жаңғыртылады», - деді Әсет Құрманғалиев «KADEX-2018» V халықаралық көрмесі аясында өтіп жатқан «ADVANCED DEF TECH» ғылыми-практикалық конференциясында.

Ол сонымен қатар компанияның жаңғыртылуына жол ашатын бірқатар басымдықтарды атады.

«Жаңғыртуды жүргізудің есебінен біз еңбек шығынын қысқарту, өзіндік құнды төмендету, сапаны арттыру, өнімнің айқындылығын өсіру, еңбек өнімділігін арттыру тұрғысында нақты басымдықтарға ие болғалы отырмыз. Жаңғырту өнімдердің жоғары технологиялы жаңа өнімдерін өндіруге, кәсіпорынды негізгі тасымалдаушы ретінде бекіте түсуге, құзіреттілікті арттыруға, аймаққа өнімді тасымалдауға жол ашады. Жаңғырту өндірістің локализациясын 30-дан 70 пайызға арттыруға, жеке өндіріс арқылы елдің қорғаныс қабілетін арттырып, әскери техникалардың экспортын арттыруға мүмкіндік береді», - деді ол.

Әсет Құрманғалиев өз сөзінде жаңғыртудың негізгі бағыттары туралы да ұмыт қалдырған жоқ.

«Ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз ете отырып, экспорттық әлеуетті арттыру үшін компания келешегі мол кластерлерді дамытуды көздеп отыр. Ол көлік құрау саласына және оған жақын өндіріске мультипликативті әсерін тигізеді. Сонымен қатар, сервистік қызметтердің шоғырын көбейтуге жол ашады. Аталған кластерлер «Қазақстан инжинирингтің» басты бағыттары болады», - деді Әсет Құрманғалиев.

Еске сала кетсек, кеше Астанада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «KADEX-2018» V халықаралық көрмесі ашылған болатын. Көрме  26 мамырға дейін жалғасады.



Соңғы жаңалықтар