KADEX-2018 ғарыш технологиялары тәжірибелерімен алмасудың алаңына айналады - Ерғазы Нұрғалиев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат -Алдағы уақытта өтетін «KADEX - 2018» V халықаралық қару-жарақ және әскери-техникалық мүлік көрмесіне қатысушылардың бірі ҚР Қорғаныс және Аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Аэроғарыш комитетіне қарасты «Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясы болмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған ауқымды шараға дайындық барысы жайында біз «Қазақстан ғарыш сапары» ҰК» АҚ президенті Ерғазы Нұрғалиевтен сұрап білген едік.

- Ерғазы Мейірғалиұлы, «Қазақстан ғарыш сапарының» «KADEX - 2018» көрмесіне қатысудағы басты ерекшелігі неде болмақ?

- «KADEX-2018» алғаш рет Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қамқорлығымен өтпек. Соған сәйкес көрменің міндеті де кеңейе түседі. «KADEX-2018» көрмесіне киберқауіпсіздік саласындағы жетекші конструкторлық бюролар мен ғылыми-зерттеу институттары, отандық және шетелдік қорғаныс өнеркәсібі кешені мен ғарыш саласының кәсіпорындары қатысады.

Соңғы 5 жыл бойы біздің команиямыздың ұйытқы болуымен әрі ұйымдастырумен өтетін жыл сайынғы «Қазақстандағы ғарыш күні» халықаралық форумы ағымдағы жылы «KADEX - 2018» аясында өткізілмек. «Қазақстан ғарыш сапары» ҰК» АҚ белснеді қатысатын біздің ғарыш тақырыбындағы павильонымыз көрменің орталық сұхбат алаңдарының біріне айналады деп үміттенеміз.

«KADEX - 2018» көрмесі аясында өтетін «Қазақстанның ғарыш күні» форумына қатысу үшін Жерді қашықтан зондтау мәліметтерін, оларды өңдеу құрал-жабдықтарын жеткіумен айналысатын әлемдік компаниялардың өкілдері, сонымен қатар геоақпараттық жүйелер мен ЖҚЗ мәліметтерін әзірлеушілер мен пайдаланушылар келетін болады.

- Көрмеде нақты не ұсынасыздар?

- «Қазақстан ғарыш сапары» ҰК» АҚ көрме алаңында компанияның жүзеге асырылған және келешекте жүзеге асырылатын жобалары туралы ақпараттар, жұмыс істеп тұрған KazEOSat-1 және KazEOSat-2 жер серіктерінің макеттері ұсынылады. Сонымен қатар технологиялық мақсаттағы ғарыш аппаратының макетін алғаш рет көрсетпекпіз. 2018 жылдың соңында ұшырылуы жоспарланған KazSTSat жер серігін қазақстандық мамандар жасаған. Қазақстанның Жерді қашықтан зондтау ғарыштық жүйесінің және жоғары дәлдікті жер серігі навигациясы жүйесінің ұлттық операторы саналатын біздің компанияның мамандары жаңа ғарыштық технологиялармен жұмыс істеу тәжірибелерімен бөліседі.

Форум қорытындысында «Қазақстан ғарыш сапары» ҰК» АҚ жаңа серіктестермен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қоюды жоспарлап отырды. «KADEX-2018» аясындағы біздің жұмыс күндеріміз барысында «Airbus Defence and Space» (Франция) компаниясымен KazEOSat-1, KazEOSat-2 жер серігі түсірген суреттерді халықаралық тарату туралы келісімшарт ұзартылатын болады. Сонымен қатар Қазақстан аумағында «ADS» суреттерін тарату туралы дистрибьютерлік жаңа келісім жасалады деп күтілуде.

- Ерғазы Мейірғалиұлы, таяуда ғана «Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясы құрылуының 13 жылдығы аталып өтті. Бүгінде оның атқарған істерінің негізгі қорытындысы қандай?

- «Қазақстан ғарыш сапары» ҰК» АҚ-тың негізгі міндеті - бұл алдыңғы қатарлы ғарыштық технологияларды енгізу. 2005 жылы компания құрылған сәттен бергі салыстырмалы түрде айтқанда қысқа ғана уақыттың ішінде Жерді қашықтан зондтау ғарыштық жүйесі және жоғары дәлдікті жер серігі навигациясының жерүсті инфрақұрылымдарын құру бойынша ауқымды екі жоба табысты жүзеге асырылды. 2014 жылы іске қосылған Жерді қашықтан зондтаудың екі аппараты да штатты режімде жұмыс істеп тұр. Мәселен, бір тәуліктің ішінде KazEOSat-1 жоғары, метрлік кеңістіктік жер серігі 220 мың шаршы шақырымға дейін ғарыштық түсірілім жасай алса, KazEOSat-2 жер серігі орташа есеппен 6,5 метрлік кеңістіктегі Жер аумағын 1 млн шаршы шақырымға дейін түсіреді. Біздің жер серіктеріміз іске қосылған сәттен астап 2015 жылы Жердің 63 млн шаршы шақырымын суретке түсірді. Тек 2017 жылы ғана мемлекеттік органдарға еліміздің 11,5 шаршы шақырым аумағы түсірілген 10 мыңнан астам ғарыштық суретті ұсынды. Аталған ғарыштық суреттерді шетелдік операторлардың тарифімен сатып алар болсақ, онда олардың құны 30 млрд теңгеден асып жығылар еді. Жерді қашықтан зондтаудың отандық жүйесінің арқасында бұл қаражат елде қалып отыр.

Бүгінде «Қазақстан ғарыш сапары» ҰК» АҚ-пен ғарыштық мониторинг және ғарыштық суреттерді ұсыну қызметі бойынша Қазақстанның 11 облысымен 67 млн теңгеге келісімшарт жасалған. Олар: Алматы, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақтөбе, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстары. Таяу күні ғана Қостанай облысының әкімдігімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Шетелдік келісімшарттар арасында біздің стратегиялық серіктесіміз «Airbus Defence and Space» (Франция) компаниясынан бөлек біз Беларусьтың «Геоақпараттық жүйелер» кәсіпорынымен қазақстандық жерді қашықтан зондтау ғарыштық жүйесінің өнімдері мен қызметтерін тарату туралы дистрибьютерлік келісім жасастық.

- Сұхбатыңызға рахмет!  

Автор:Сара Қабиқызы

Соңғы жаңалықтар