Қадам бассаң, барлық жерде той: Түркістан облысында 400-ге жуық той жасалған

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында жыл басынан бері мобильді топтар 400-дей тыйым салынған отбасылық, мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылғанын анықтады. Оның 225-і қоғамдық тамақтану орындарында, қалғаны тұрғындардың өз ауласында өткізілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Эпидемиологиялық тексерулер барысында инфекцияның болжамды жұқтыру көздері анықталды.

Оған сәйкес, қауіпті кеселді жұқтырғандардың 75%-ға жуығы вирусты мерекелік, отбасылық шаралар кезінде, көпшілік орындарда COVID-19 коронавирусты инфекциясын жұқтырған.

Облыс аумағында аудандық, қалалық әкімдігі жанынан құрылған 127 мобильді топ тарапынан жүргізілген мониторинг жұмысының тиімділігі күрт төмендеген.

«Қайтадан белең алып бара жатыр ауру. Мониторинг емес, тексеруді күшейту керек. Көріп отырмын, кей аудандарда айқайлап тұрып той жасап жатыр. Беташары болсын, басқасы болсын. Қадам бассаң, барлық жерде той болып жатыр. Елдегі эпидемиологиялық жағдайды біле тұра, той жасағандарды тоқтату керек»,-деді Өмірзақ Шөкеев.

Өңірдегі эпидемиологиялық ахуал баяндалған кезекті апталық аппарат отырысында соңғы көрсеткіштер ортаға салынды.

Көрсеткіштер көңіл көншітпейді. Осыған орай барлық аудан, қала әкімдері қатаң сынға ұшырады.

Елдегі эпидемиологиялық ахуалды біле тұра, санитарлық талаптардың сақталуын бақылау мақсатында тынымсыз жүргізіліп келе жатқан тексерулерді елемегендерге жаза, жауапты басшыларға шара қолданылмақ.

Мамыр айынан бері КВИ-мен ауру/байланыста болған үй карантиндік режимін сақтауы тиіс 35 адамның Ashyq бағдарламасымен жұмыс істейтін нысандарға барғаны анықталды.

Оның ішінде 9 - «қызыл», 26 - «сары» статустағылар. Аумақтық СЭБ басқармалары тарапынан 31 адамға қаулы шығарылып, ескерту берілді.

Мобильді топтар және полиция қызметкерлері тарапынан СЭБ басқармаларына 4 мыңға жуық баянат түсті.

Оның ішінде 3 мыңға жуығына әкімшілік хаттама толтырылып, 160 млн теңге айыппұл салынды.

Карантин режимін бұзған 31 нысанның жұмысын тоқтату бойынша талап арыздар сотқа өткізілді.

Соттың шешімімен 16 нысанның жұмыс тоқтатылды. Қалған 15 талап арыз бойынша материалдар сотта қаралып жатыр.


Соңғы жаңалықтар