Қабылданған құжаттар ТМД кеңістігіндегі ынтымақтастықты дамытуға қызмет ететіні сөзсіз - Тоқаев

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен ТМД-ға мүше елдер басшыларының кеңейтілген отырысында бірқатар құжаттар қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Құрметті әріптестер, қалған құжаттар келісімінің жоғары дәрежеде екенін ескерсек, қосымша талқылауды қажет етпейді деп шештік. Сондықтан, атқару комитетіне құжаттарға қол қою рәсіміне кірісуді ұсынамын.

Біздің отырысымыз нәтижелі болды деп айтуға толық негіз бар. Делегация басшылары құжаттарды қабылдаудан бөлек, ТМД шеңберіндегі көп жоспарлы өзара іс-қимылдың кең ауқымы және халықаралық күн тәртібі бойынша өте пайдалы пікірталас өткізді. Бұл ретте айтылған сындарлы ұсыныстар мен қабылданған құжаттар ТМД кеңістігіндегі ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және жетілдіруге қызмет ететіні сөзсіз. Бұл біздің ортақ мақсаттарымызға сай келеді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ, кеңес төрағасы аталған жиынды ұйымдастырушыларға алғыс айтты.

«Атқару комитетінің қызметкерлеріне, біздің сарапшыларға, мемлекет басшылары кеңесінің отырысын дайындауға және өткізуге тікелей қатысқан ТМД-ның барлық органдарына бірлескен жұмысы үшін алғысымды білдіремін. Мемлекет басшылары кеңесінің отырысы жабық деп жариялаймын», - деді Қ. Тоқаев.

Айта кетейік, Астанада ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысы өтті.


Соңғы жаңалықтар