Кабулдағы госпиталь маңында екі жарылыс болды

None
None
КАБУЛ. ҚазАқпарат – Сейсенбі, 2 қараша күні Ауғанстан астанасы Кабулдағы Сардар Мұхаммад Дауд атындағы әскери госпиталь маңында екі жойқын жарылыс, атылған оқ дауысы естілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ToloNews-ке сілтеме жасап.

Ауғанстан уақытша үкіметінің Ақпарат және мәдениет министрінің екінші орынбасары Билал Каримидің айтуынша, алғашқы жарылыс Кабулдың 10- ауданындағы Мұхаммед Дауд хан атындағы госпитальдың кіреберісінде болған.

Екінші жарылыс та госпитальға жақын жерде болған.

Ішкі істер министрлігінің өкілі Саид Хости жарылыстардың бірі госпитальдың кіреберісінде болғанын растады. Оның айтуынша, жарылыстан құрбан болғандар бар.

Ауыр халде зардап шеккендердің барлығы ауруханаға жатқызылған. Оқиға орнына қауіпсіздік күштері келген. Жарақат алғандар жедел жәрдем көліктерімен осы аймақтағы ауруханаларға жеткізілген.

Жарылыстардың салдарынан кем дегенде тоғыз адам жарақат алды, олар Кабулдағы жедел жәрдем ауруханасына жеткізілді.

ТАСС хабарлағандай, Мұхаммед Дауд хан атындағы аурухана 400 төсек-орынға есептелген және Ауғанстан Қорғаныс министрлігіне тиесілі.

Куәгерлердің айтуынша, оқиға миналанған көліктің жарылуы салдарынан болған.

Сондай-ақ, шетелдік дипломатиялық миссиялар орналасқан Вазир-Акбар хан орамындағы жарылыстардан кейін шабуылшылар мен «Талибан» қозғалысының (Қазақстанда тыйым салынған – ред.) содырлары арасында атыс болып жатқаны хабарланды.

Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, оқиға орнына «Талибан» қозғалысының (Қазақстанда тыйым салынған – ред.) арнайы күштері жіберілді.

Куәгерлердің айтуынша, Ауғанстандағы ИМ филиалының бірнеше содыры ауруханаға кіріп, қауіпсіздік күштерімен қақтығысқа түскен, деп хабарлады Al Jazeera.

Жаңартылған мәліметтерге сәйкес, Кабулдағы Ауғанстанның ең ірі әскери госпиталінің жанындағы екі жарылыс пен атыс салдарынан 19 адам қаза тауып, 43 адам жарақат алды, деп хабарлайды Al Jazeera Ауғанстанның уақытша үкіметінің ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.


Соңғы жаңалықтар