Кабинеттері суық Петропавл мектебі жылу үрлегіш пайдалануға мәжбүр

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Аязға шыдас бермеген Петропавлдағы жаңа білім ордасы – М.Жұмабаев атындағы ІТ мектеп-лицейдің кабинеттері жылу үрлегіш құралдармен жылытыла бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Былтыр ғана пайдалануға берілген мектептегі жағдаймен Солтүстік Қазақстан облысы Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің жаңа басшысы Алена Мальгаева барып танысты.

Департаменттің мәліметінше, Петропавл білім бөлімі және мектеп әкімшілігі сынып бөлмелеріндегі температураны қалыпқа келтіру үшін бірқатар шараны қолға алды. Қазіргі уақытта мердігер компания кепілдік мерзімі өтпегендіктен өз есебінен олқылықтарды жойып жатыр. Терезедегі шұрық-тесіктерді бітеп, желдету жүйесін жөнге келтірді.

Мектептің жылу торабының жұмысына талдау жүргізілді, көрсеткіштер қалыпты. Жылыту жүйесіне неғұрлым қуатты сорғыны сатып алу туралы шешім қабылданды. Бастауыш сынып оқушылары оқитын корпусқа жылу үрлегіш қондырғылар уақытша қойылды. Бұл шаралар кабинеттердегі температураны 20-22 градусқа дейін көтеруге мүмкіндік берді. Балалар штаттық режимде білім алып жатыр. Мәселе тиісті құрылымдардың тұрақты бақылауында», - деп хабарлады департаменттегілер.

Мектеп оқушыларының ата-аналары сыныптардың суықтығына әлеуметтік желіде шағымданғаннан кейін бұл жағдайды СҚО-ның сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі бақылауға алды. Олар сыныптардағы температураның 15 градус қана екенін растады.

Бұған дейін СҚО Қызылжар ауданы Бескөл ауылының мектебі сыныптардың суық болуына байланысты үш ауысымға ауыстырылғанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар