Кабинетім де, креслом да жоқ, жалақымды әлі білмеймін – Саясат Нұрбек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ғылым және жоғары білім министрі лауазымына тағайындалған Саясат Нұрбек жаңа министрліктің қалай құрылып жатқанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Менде кабинет пен ғимарат та, кресло да, қызметкер де жоқ. Креслоны әлі табу керек. Кабинетті енді береді. Әзірше, біз бұрынғы Білім және ғылым министрлігінің ғимаратында отырмыз. Бүгінде министрлікті екіге бөлу жұмыстары басталды. Бірақ бұл сәл күрделі процесс. Бізге қазір үлкен әкімшілік ауыртпашылық түседі«, - деді министр.

С. Нұрбек бірінші мақсат – министрлікті құрып алу екенін, әлі жұмыс көп екенін айтты.

«Биыл мен 41 жасқа толдым. Соңғы 15 жылда жинаған барлық ұсыныстарды жинақтап, өз бастамаларымды жүзеге асыруға өмірімде бірінші рет мүмкіндік берілді. Бір жағынан іштей қобалжып тұрмын. Үлкен үміт те бар. Халқымызға қызмет етіп, ең бастысы Президенттің сенімін ақтау керек. Жалақымды шын білмеймін. Менің келісімшартым әлі жоқ. Заң тұрғысынан министрлік (Ғылым және жоғары білім министрлігі – ред.) әлі құрылған жоқ. Үкіметтің қаулысын дайындап, жұмысты өзіме қабылдауым керек», - деді С. Нұрбек.

Бұған дейін Ғылым министрі отбасының Кипрден оралып, балаларының Қазақстандағы қатардағы мектепке баратынын айтқан еді.

Сондай-ақ, бүгін Үкімет отырысында Ғылым және жоғары білім министрі лауазымына тағайындалған Саясат Нұрбек салтанатты түрде ант берді.


Сурет:bilimdinews.kz


Соңғы жаңалықтар