Қабанбайдың 329 жылдығы: ШҚО-да республикалық конференция өтті

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Жоңғар басқыншыларымен ұлт-азаттық күреске қатысқан қазақтың қайсар қолбасшысы Қаракерей Қабанбайдың келер жылы 330 жылдық мерейтойы аталып өтілмек. Соған орай Шығыс Қазақстан облысында алғашқы республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шара Өскемендегі Қабанбай батыр ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды. Содан соң Ұлы қолбасшының өмірі мен қазақ халқының өркендеуіне қосқан жеңістері туралы А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапхана ұйымдастырған жылжымалы көрме өтті.

Бірінші ғылыми-тәжірибелік конференцияға С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың профессорлық-оқытушылық құрамы, ҚР БҒМ Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері Қанат Есенов, Оралхан Бөкей атындағы №44 лицейдің директоры Жаңыл Назарбаева мен өңір тарихшылары қатысты. Конференцияны құттықтау сөзімен «Қабанбай» халықаралық қорының және «Ер-Қаптағай» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Құсман Шалабаев ашты.

«Шығыс Қазақстан облысына көрсеткен қолдауы мен көмегі үшін зор алғысымды білдіремін. Бұл іс-шарамыз ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өткізіліп отыр. Келесі жылы Қабанбай батырдың 330 жылдық мерейтойын ауқымды түрде ел болып атап өтуді жоспарлап отырмыз. Бірінші кезекте біз жастарымыздың осындай батырлардың, ата-бабаларымыздың рөлі мен тарихымыздағы маңызды орнын терең түсінгенін қалаймыз. Ұлы қолбасшының өміріндегі көптеген тарихи оқиғалар мен фактілер әлі зерттелген жоқ. Тарихшылармен бірлесіп осының бәрін қамтығымыз келеді. Жоғары деңгейде мәдени, спорттық және ғылыми іс-шаралар өткіземіз деген жоспарымыз бар», - деді Құсман Шалабаев

Алғашқылардың бірі болып С.Аманжолов атындағы ШҚУ Қазақстан тарихы кафедрасының сеньор-лекторлары, тарих ғылымдарының кандидаттары Роза Чекетаева мен Маратбек Ақанов баяндама жасады. Профессорлар ғасырлар бойғы арманы мен қазақ халқының басты құндылығы – Тәуелсіздік тарихындағы батырдың орны туралы, сондай-ақ Ұлы қолбасшы жайлы шынайы аңыздар туралы айтып берді. Одан әрі Семей қаласының Шәкәрім атындағы университетінің профессоры Мұхтарбек Кәрімов «Ауызша және жазбаша деректердегі Қабанбай батырдың тұлғасы» тақырыбына тоқталды. Аягөз шайқасының тарихи-танымдық экспедициясының қорытындылары туралы ҚР БҒМ Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері Қанат Есенов баяндады.


Соңғы жаңалықтар