Қ.Тоқаевқа үлкен жауапкершілік жүгі артылып отыр - Гаухар Алдамбергенова

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Тұңғыш Президентінің салиқалы саясатын одан әрмен жалғастыра алатын бірден-бір саясаткер. Мұндай пікірді Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры, профессор Гаухар Алдамбергенова білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Отандастарымыз Қасым-Жомарт Кемелұлын егемендіктің елең-алаң жылдарынан бері Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының сенімді серіктесі, шәкірті ретінде біледі. Сондықтан да мемлекеттің негізін қалаған тұлғаның еліміздің дамуына өзіндік үлесін қосып келе жатқан білікті саясаткерге Қазақ елінің тағдырын сеніп тапсырғаны және үлкен жауапкершілік жүгін артқаны - ел болашағының бағдарын айқындап бергені деп түсінеміз», - дейді Қыздар университетінің ректоры.

Сонымен қатар Гаухар Алдамбергенова іргелі бастамаларға ұйытқы болып отырған «Nur Otan» партиясының атынан түсетін үміткер өткенімізді ұмытпай, болашақты ұлықтауға өзіндік үлесін қосып, ел азаматтарының көңіл үдесінен шығатынына кәміл сенімді екендігін атап өтті.

«Елбасы егемендік жылдары Қазақстанның әлемдік сахнадағы беделі мен орнын айқындап, дамудың қазақстандық үлгісін қалыптастырды. Бұл кезеңде халықтың әл-ауқаты артып, тұрмыс деңгейі көтерілді. Жұртшылық үшін жағымды жақсы үрдісті одан әрмен жалғастыру бүгінде үлкен маңызға ие. Бұл тұрғыда Қ. Тоқаев Қазақстанның Тұңғыш Президентінің салиқалы саясатын одан әрмен жалғастыра алатын бірден-бір саясаткер», - деді Гаухар Алдамбергенова.

Университет ректорының айтуынша, Қасым-Жомарт Кемелұлы әлемдік саясат сахнасында да өзіндік дара орны бар, дипломатияның қыр-сырын терең меңгерген тұлға. Бұл қасиеттер Қазақстанның бүгінгі абыройын асқақтатып, беделін одан әрмен көтеруге ықпал етпек.

Айта кетейік, бүгін ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекшілігімен партияның кезектен тыс ХІХ съезі өтіп, онда 2019 жылдың 9 маусымға тағайындалған кезектен тыс президенттік сайлауға кандидат ретінде Қасым-Жомарт Тоқаев бекітілді.

Соңғы жаңалықтар