Қ. Тоқаев: Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Тұрақты емес мүшесі болып сайлануы - шын мәнінде тарихи оқиға

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Президенті мен барша қазақстандықтарды Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Тұрақты емес мүшелігіне сайлануымен құттықтады.

Палатаның жалпы отырысын ашқан спикер ең алдымен кеше Қазақстан алғаш рет БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдарға тұрақты емес мүшесі болып сайланғанын, Бас Ассамблеяда өткен дауыс беру кезінде Қазақстан 138 мемлекеттің қолдауына ие болғанын атап өтті.

«Бұл - шын мәнінде тарихи оқиға», - деген Сенат Төрағасы ең алдымен барлық палата депутаттары атынан Елбасы Н. Назарбаевты және барша қазақстандықтарды тарихи оқиғамен құттықтады.

«Бұл - Елбасы бастаған отандық дипломатияның тарихи жеңісі, бүкіл әлем таныған сыртқы саясаты сындарлы ел екеніміздің айқын көрінісі болып табылады. Осы оқиға орын алуы үшін бір топ қазақстандық дипломаттар, қоғам қайраткерлері өздерінің қомақты үлесін қосты. Солардың ішінде әріптесіміз Бірғаным Әйтімова да бар. Сенаторлар атынан Сізге алғыс білдіргім келеді», -деді Қ.Тоқаев.

«Дүрбелеңге толы   аса күрделі ғаламдық ахуал жағдайында Қазақстанның осындай беделді әрі жауапты миссияны абыроймен атқаратынына кәміл сенеміз», - деді Сенат спикері. 

***

Естеріңізге сала кетейік, 2016 жылғы маусымның 28-і тәуелсіз Қазақстан үшін ел өміріндегі ерекше маңызды дата ретінде тарихта қалатыны анық. Қазақстан Республикасы Азия тобы мемлекеттерінің атынан Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдарға тұрақты емес мүшесі болып сайланды. Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясында өткен дауыс берудің нәтижесінде дауыс беруге қатысқандардың арасынан 138 мемлекет Қазақстанның кандидатурасын қолдады. Ал қазақстандық өтінімнің жалғыз бәсекелесі - Таиланд Корольдігі үшін 50-ден астам мемлекет дауыс берген болатын.

Айта кетерлігі, 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің уақытша мүшесі болу жөніндегі бастама алғаш рет 2013 жылы Қазақстанның БҰҰ мүшелігіне 20 жыл толуы қарсаңында көтерілген еді. Елбасының тапсырмасына орай, Қазақстанның БҰҰ құрылымдық бөлімшелерімен жемісті әрі тығыз қарым-қатынастары есепке алына келе, сондай-ақ, еліміздің халықаралық қоғамдастықтағы рөлі ескеріле отырып, мемлекет өз алдына БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшесі ретінде сайлану міндетін қойған болатын. Мұны Президент Н. Назарбаев: «Қазақстан Орталық Еуразиядағы қауіпсіздік пен тұрақтылықтың діңгегі болуға, бейбітшілікті орнықтыруда және халықтар арасындағы ынтымақтастықты ілгерілетуде сенімді әріптес болуға ұмтылады. БҰҰ Қауіпсіздігінің тұрақты емес мүшесі болуға талпынудың негізінде де дәл осы мақсат жатыр», - деп атап өткен еді. Осы уақыттан бері қазақстандық дипломатия алға қойылған мақсатқа қол жеткізу үшін жан-жақты әрі қызу жұмыстарға кірісті. Беделді Ұйымның құрылымына мүше болу үшін кемінде 193 мемлекеттің 129-ының сенімін алу керек болатын.

Ал мұндай мүшеліктен Қазақстан не ұтады дегенге келсек, бұл - ең алдымен, еліміздің халықаралық саяси аренадағы имиджін арттыруға септігін тигізеді. Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бейбіт даму жолын таңдаған Қазақстанның жаһандық қауіпсіздік бастамаларын әлемдік қауымдастық та мойындап келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Тәуелсіздік тұғырындағы тұңғыш шешімі - Семей ядролық полигонын жабу және әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тарту туралы жарлық болды. 2009 жылы, Орталық Азияда Ядролық қарудан еркін аймақ құру туралы келісімге қол қойды. Осы бастамалардың өзі Қазақстанның беделін арттырып, халықаралық қауіпсіздік саласындағы тың бастамаларды одан әрі жүзеге асыруға жол ашты. Ядролық қауіпсіздік бағытындағы қазақстандық бастамалар елімізді сөзсіз көшбасшыға айналдырды. БҰҰ мүше мемлекеттерінің Қазақстан кандидатурасын жақтап дауыс беруі де соның айғағы. Елбасы Н. Назарбаевтың «Әлем.ХХІ ғасыр» манифесінің БҰҰ ресми құжаты ретінде тіркелуінің өзі де бұл жеңістің жолын жақындатқаны анық. 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланған Қазақстан ендігі кездері осынау көшбасшылық  ұстанымын одан сайын белсенді түрде ілгерілететін болады. Яғни, Кеңеске мүшелікті Қазақстанның аймақтық қана емес, ғаламдық қауіпсіздікке қосқан үлесінің тиісінше бағалануы деп қараған жөн. Ал ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың айтуынша, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне сайлануы аймақтың шиеленісті жағдайларына әлемдік қауымдастықтың назарын аударуға, мемлекеттің халықаралық бастамаларын іске асыруға, Астананың жаһандық мәселелерде маңызды рөл атқарып, «Еуразия кеңістігіндегі қауіпсіздік пен тұрақтылық факторы» ретінде Қазақстанның имиджін көтеруге себеп болмақ.

Тоқтала кететін жайт, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің құрамы соңғы рет 2014 жылдың 16 қазанында жаңартылып, 2015-2016 жылдардағы тұрақты емес мүшелері болып жаңадан 5 мемлекет: Ангола, Малайзия, Венесуэла, Жаңа Зеландия және Испания сайланған-ды. Қауіпсіздік Кеңесіне мүше мемлекеттердің жалпы саны - 15. Олардың бесеуі тұрақты: АҚШ, Қытай, Ресей, Ұлыбритания және Франция. Ал қалған он тұрақты емес мүшесі БҰҰ Бас ассамблеясы арқылы сайланып отырады. Кеңестің тұрақты емес мүшелері екі жылдық мерзімге тағайындалады. Тұрақты емес мүшелерді сайлау өңірлік принциптер бойынша жүргізіледі. Мәселен, бұған дейінгі сайлауда өз кандидатураларын ұсынған Ангола, Венесуэла және Малайзия сол өңірлердегі бірден-бір үміткерлер болса, қалған екі орын үшін бәсеке қызу өтті. Дауыс берудің бірінші кезеңінде 145 дауыс жинаған Жаңа Зеландия Қауіпсіздік Кеңесінің құрамына енді. Ал екінші кезеңде негізгі қарсыласы Түркиядан 60 дауыс артық жинап, 132 мемлекеттің сеніміне ие болған Испания ұйым мүшелігіне қабылданған болатын.

БҰҰ-ға мүше 193 елдің ішінде Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелігіне бірнеше рет сайланған мемлекеттер де бар. Мәселен, Жапония мен Бразилия Кеңес құрамына тоғыз рет қабылданса, Үндістан алты, Германия үш мәрте мүше болған екен. Есесіне, Қауіпсіздік Кеңесі құрылған 1946 жылдан бері оның мүшелігіне мүлдем қабылданбаған 60 мемлекет бар. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін жаңа тәуелсіз мемлекеттерден Украина, Белоруссия мен Әзербайжан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болды. Енді олардың қатарына Қазақстан да қосылып отыр. Айта кетейік, Қазақстан Азия елдері тобынан бұған дейін сайланған Малайзияны алмастыратын болады.

Соңғы жаңалықтар