Қ. Мәми: Парламенттің мерзімінен бұрын таратылуына ешқандай негіз жоқ

None
None
АСТАНА. 27 маусым. ҚазАқпарат - Қазіргі таңда Парламенттің мерзімінен бұрын таратылуына ешқандай да негіз жоқ.

Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысынан соң журналистермен болған брифингте Сенат Төрағасы Қайрат Мәми осылай мәлім етті.

«Менің пікірімше, бүгінгі күні тұтастай Парламенттің де, оның жеке палаталарын да таратуға ешқандай негіз жоқ. Қос палатаның депутаттары сайлаушылар алдындағы өз міндеттерін толық көлемде орындап жатыр. Осы сессия барысында 96 заң қабылданғаны соның айғағы. Бұлар мемлекеттің одан әрі дамуын, жұртшылықтың әл- ауқатын қамтамасыз етуде аса маңызды құжаттар болып табылады. Сондықтан да, Парламенттің таратылатыны туралы әңгіме болмауы керек деп есептеймін», - деді Қ. Мәми.

Осы ретте Сенат Төрағасы алдағы әкімдер сайлауына да баса назар аудару қажеттігін жеткізді. Оның айтуынша, бұл біздің еліміздегі аса маңызды саяси үдеріс.

«Бұл саяси оқиғаның мәні мен маңызына, тағдырлылығына баса назар аударған ләзім. Өйткені, мұндағы басты мәселе жалпы басқарушылықты орталықсыздандыру жайында болып отыр. Көптеген құзыреттер мен функциялар орталықтан жергілікті жерлерге беріледі», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар