Кьелл Магне Бондевик: Қазақстан ЕҚЫҰ жұмысында үлкен рөл атқарып отыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше болып қана қоймай, оның жұмысында үлкен рөл атқарып отыр. Норвегияның бұрынғы премьер-министрі, Христиан-демократиялық партиясының жетекшісі Кьелл Магне Бондевик осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанның Орталық Азияда да, Еуропада да, жалпы әлемдік деңгейде маңызды халықаралық рөл атқарсақ деген үлкен амбициясы бар. Давоста өткен Дүниежүзілік экономикалық форумға Премьер-министр ретінде қатысқа кезде мен мұны бірден байқадым. Сессяилардың бірінде мен Қазақстанның сол кездегі Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуге шақырту алдым.

Алдымда өз елінің амбициясын батыл таныстыра білетін саяси көшбасшы отырды. Ол Норвегиямен және басқа да Еуропа елдерімен тығыз ынтымақ орнатуға ынталы болды. Қазақстанның даму жолы тұрақты. Салыстырмалы түрде жоғары экономикалық өсімге қол жеткізді деп айтуға болады. Дегенмен игілікті неғұрлым әділ бөлу жолында әлі де қиындықтар бар. Ел аймақтағы қауіпсіздік пен бейбітшілікті сақтауға көп күш жұмсайды. Бұл Орталық Азияның басқа елдері үшін өте маңызды», - деп жазады ол Норвегияның «Vårt Land» (Біздің жер) газетінде.

Саясаткердің пайымынша, терроризм, адам саудасы және энергия тапшылығы сияқты сынақтарды Орталық Азияға Қазақстанның ықпалынсыз шешуі қиын.

«Бұл тұрғыда Еуропа Қазақстанмен де, бүкіл Орталық Азиямен де тығыз ынтымақ орнатуы керек деп есептеймін. Бұл Еуропалық Одақ үшін де, НАТО үшін де үлкен жауапкершілік. Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше және оның жұмысында үлкен рөл атқарып отыр. Елдің бұрынғы сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов қазір ЕҚЫҰ-ның аз ұлттар жөніндегі жоғарғы комиссары болып қызмет атқарады.

ЕҚЫҰ бұрынғы коммунистік елдер мен демократияға ден қойған Батыс елдері үшін маңызды кездесу орны болды. Қазақстан ұйымның осы әлеуетін тез ұғынып, оның аясындағы мүмкіндіктерді өз дамуына оңтайлы пайдаланып отыр», - дейді Еуропаға танымал саясаткер.


Соңғы жаңалықтар