Jusan Bank-тің қазіргі қаржылық жағдайы белгілі болды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Талдау барысында «Jusan» тобының активтерін басқару құрылымын өзгертудің көлеңкелі схемасы анықталды. Ал биыл ақпанда аталған банктің кейбір акциялары бұғатталды. Осы орайда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктің қазіргі жағдайына баға берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Jusan Bank-тің қазіргі қаржы жағдайы тұрақты. Активтер бойынша еліміздегі 23 банктің арасында 6-орында. Аталған банктің активі - 2,6 трлн теңге, ал оның өтімділігі - 1,4 трлн теңге. Капитал коэффициенттері - 33%, біздің агенттік тарапынан қойылатын минималды талап - 7,5%», – деді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов ОКҚ-де өткен брифингіде.

Оның айтуынша, капитал және өтімділік бойынша аталған банктің жағдайы өте жақсы.

Еске салсақ, жақында Бас прокуратура Jusan тобын Қазақстанға қайтару жұмысы жүргізіліп жатқанын хабарлаған еді.

Өткен жылы маусымда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша елден заңсыз шығарылған қаражатты Қазақстанға қайтару жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылған сәттен бастап Бас прокуратура капиталды жымқыру және шет елге шығару фактілерін анықтау үшін банк секторында талдау жүргізді.

Сондай-ақ, биыл ақпанда Jusan Bank-тің кей акциялары бұғатталғаны белгілі болды.

Сонымен қатар Назарбаев зияткерлік мектептері Jusan-ды елге қайтаруға қатысты мәлімдеме жасады.


Соңғы жаңалықтар