Jusan Bank IT-мамандарға жаңа мүмкіндіктер ұсынады

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада Jusan Bank 43 IT-маманды оқытып, жұмысқа қабылдады. Енді олар банктің цифрлық жүйесін дамыту мен жетілдіру бойынша жұмыс істейді. Бір ай бұрын Алматыдағы мектептің 100-ден астам түлегі жұмыспен қамтылған болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

IT-мамандарға сұраныс артуда

Қазіргі уақытта Jusan банкі мен топтың басқа компанияларында IT мамандарға қажеттілік жоғары. Өйткені банктер күн өткен сайын цифрлануда, ал қаржылық технология енді жаңалық емес, бұл – қажеттілік. Біртұтас экожүйе сапалы қызмет көрсету мен күнделікті жаңартуды талап етеді, себебі технологиялар саласы өте құбылмалы. Бұл ретте компанияның мықты IT командасын одан әрі білікті мамандармен толықтыру қажеттілігі туындаған. Сондықтан Jusan Singularity IT мектебін құру бастамасы көтерілген.

«Jusan Bank стратегиясының аясында технологиялық процестерді одан әрі жетілдіру және Jusan кешенді экожүйесін дамыту жоспарлануда. Біз өз клиенттерімізге жылдам, ыңғайлы және жан-жақты жоғары сапалы қызмет көрсетуге ұмтыламыз, сондай-ақ банктің барлық өнімдерінің, қосымшалары мен процестерінің тұтынушылар үшін оңай әрі инновациялық болуына аса көңіл бөлеміз. Ол үшін бізге сауатты және командада бірлесіп жұмыс жасай білетін IT қызметкерлер қажет. Сондықтан біз IT білім беру бағытындағы жобаны жүзеге асырдық», - деді Jusan Bank басқарма төрағасының орынбасары Ғабит Нұркенов тілшілерге берген сұхбатында.

IT мектеп: барлығында мүмкіндік бар

Мектепті құру туралы жаңалық осы жылдың қаңтарында жарияланды. Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында оқимын деген 15-47 жас аралығындағы үміткерлерден өтінім қабылданған. Оқудан кейін түлектердің жұмыспен қамтылатыны көпшіліктің қызығушылығы мен сұранысын тудырды. Нәтижесінде ЖОО соңғы курс студенттері, жас IT мамандар және бағдарламалау саласына қызығушылық танытып, өз мамандығын өзгертуге ұмтылған үміткерлер арасынан ең мықтылары бірнеше кезеңнен тұратын қатаң іріктеуден өтіп, оқуға қабылданды.

Үш апталық интенсив пен сұхбаттасудан іріктеліп шыққан студенттер төрт ай бойы банктің IT қажеттіліктері аясында білімдерін шыңдады. Онда Қазақстанның ІТ саласының көшбасшылары, табысты тәжірибелі IT әзірлеушілері мен менеджерлері студенттермен өз білімін бөлісті.

Студенттерге оқу барысында 100 мың теңге стипендия төленіп, 24/7 коворкинг аумақ берілген. Олар JAVA, iOS, Android, Frontend әзірлеушілері, DevOps инженерлері сынды танымал бағытта жұмыс істеуді үйренген.

«Мен биыл Назарбаев университетін «Компьютер ғылымы» мамандығы бойынша аяқтадым. Қаңтар айында Jusan Singularity хабарламасын көріп өтінім бердім. Іріктеу кезеңдерінен өткен соң, сәуір айында Java backend тобына қабылдандым. Өз мамандығым болғандықтан, оқу аса қиын болмады. Мұнда өнім әзірлеу жағынан жақсы дамыдық. Біз оқыған Java backend – кез келген әзірлеменің логикасы ретінде саналады. Сіз білетін веб-парақшалардың артындағы толағай жұмысты біз атқарамыз. Осылайша мен Веб-әзірлеуші атандым және Алматы қаласындағы Jusan Bank-ке жұмысқа қабылдандым. Банкте өнім әзірлеу қабілетімді әрі қарай дамыта беремін», - дейді жоба түлегі, банктің жаңа қызметкері Махамбет Төрежан.

«Оқыту кезінде біздің студенттер хакатондарға қатысып, Jusan тобының нақты қолданбалы тапсырмаларын орындап көрді. Бұл бағдарламаның бірегейлігі – тек тренингтер немесе техникалық материалдар ғана емес, тәжірибе жүзінде қолдануға да мүмкіндік берді. Яғни олар кейін практикада қолданылатын нақты тапсырмалар алып, командада жұмыс жасап, кәсіби біліктіліктерін арттырды», - деді Jusan Singularity жобасының жетекшісі Анар Садықова.

Оның айтуынша, бұл жоба – IT саласының дамуына және білікті кадрларға сұраныстың артуына байланысты туындаған мәселені шешуге қосқан әлеуметтік үлестің жарқын мысалы.


Соңғы жаңалықтар