Junior Eurovision: Қазақстандықтар Ержан Максимге дауыс беріп жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандықтар «Junior Eurovision-2019» байқауында еліміз атынан сынға түсіп жатқан жас дарын Ержан Максимге дауыс беріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

19 елден қатысып жатқан үміткерлер үшін дауыс беру бүгін түнде, яғни қарашаның 22-сінен 23-іне қараған түнгі сағат 01.00-де басталды.

Қазақстандықтар әлемнің қай түкпірінде жүрсе де өз отандасына дауыс бере алады. Ол үшін Junior Eurovision сайтына кіріп, тізімнен Ержанмен қатар тағы 2 қатысушыны таңдау қажет. Кейін «Дауысты қабылдау»/ «Дауыс беру» түймешегін басу керек. Айта кетейік, онлайн-дауыс беру 24 қараша күні сағат 21.00-де басталатын гала-концерт алдында уақытша жабылады. Одан соң 15 минутқа қайта ашылып, тағы бір мәрте дауыс беру мүмкіндігі беріледі.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгін сағат 21.00-де басталатын финалдық кезеңді «Хабар» арнасы тікелей эфирден көрсетеді.

Еске салайық, оралдық жас әнші 10 қазан күні Алматыда баспасөз мәслихатын өткізіп, байқауға арналған «Арманыңнан қалма» әнінің бейнебаянын көрсетті. Оның режиссері - Александр Фломбойм, продюсері - Сергей Руцкий. Әннің авторлары - Хамит Шанғалиев, Данияр Алдабергенов және Тимур Балымбетов.

15 қараша күні Нұр-Сұлтанда өткен баспасөз мәслихатында Ержан сахнаға нешінші нөмірмен шыққысы келетінін айтты. Жеребе тарту кезінде оған 10-ыншы нөмір түсті.

«Хабар» агенттігінің басқарма төрағасы Ерлан Бекхожиннің сөзінше, биыл байқауға негізінен Еуропалық одақ елдерінің өкілдері қатысады. Әзербайжан мен Түркия өз кандидаттарын ұсынбағандықтан, Ержан бүкіл түркі әлемнің атынан өнер көрсететін болады.

18 қараша күні Ержан Алматы әуежайынан Польшаға ұшып шықты. Оны туысқандары мен жанкүйерлер шығарып салды.

«Junior Eurovision» алғаш рет 2003 жылы Данияның Копенгаген қаласында өтті. Биылғы байқауға 19 елден өрендер қатысады. Ал Қазақстан байрақты бәсекеге алғаш рет 2018 жылы Минскіде (Беларусь) қатысты. Еліміз атынан «Өзіңе сен» әнімен Данэлия Төлешова өнер көрсетіп, алтыншы орынға ие болды. Бас жүлде польшалық Роксанна Венгельге бұйырды. Екінші орынды Франция әншісі Ангелина, үшінші орынды австралиялық Джаэль Уена жеңіп алды.

Соңғы жаңалықтар