Junior Eurovision байқауының финалы онлайн форматта өтеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Еуропалық хабар тарату одағы (ЕВС) биыл жыл сайынғы «Junior Eurovision 2020» халықаралық ән байқауының финалы жаңа форматта ұсынылатынын жариялады. Бұл шешімнің басты себебі - COVID-19 пандемиясы. Барлық финалистердің денсаулығын сақтау мақсатында байқауда орындалуға тиісті әндер сайысқа қатысушы елдің жергілікті студиясында орындалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Хабар» агенттігіне сілтеме жасап.

ЕВС ақпараты бойынша, барлық қатысушы елдердегі одақ мүшелері әртістің өнерін түсіру кезінде бірдей орналасқан сахна мен техникалық жабдықтарды пайдалануға келісті. Байқаудың финалы алда жоспарланғандай, 29 қараша күні өтеді.

Биыл финалға 13 ел: Армения, Беларусь, Франция, Грузия, Қазақстан, Мальта, Нидерланды, Ресей, Сербия, Испания, Украина, Польша және Германия қатысады.

«COVID-19 пандемиясының себебінен туындап жатқан сапарларға қойылған шектеулер және басқа да мәселелерге байланысты биыл «Junior Eurovision» ән байқауының барлық қатысушыларын Польшада қабылдай алмаймыз», - деді конкурстың супервайзері Мартин Остердаль.

«Алайда, 2003 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келе жатқан бұл байқау жалғасуы тиіс деп шештік. Биылғы өзгерістерге қарамастан, өз елінің өкілі ретінде таңдалған барлық талантты жастар әлі де өздерін көрсетуге мүмкіндігі бар және дәстүр бойынша бүкіл әлемнің отбасылары өзінің сүйікті әніне онлайн режимде дауыс бере алады», - деп атап өтті жобаның атқарушы жетекшісі.

11 тамызда Еуропалық хабар тарату одағының қауымдасқан мүшесі - «Хабар» агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп, «Junior Eurovision» халықаралық ән байқауының ұлттық іріктеуіне қатысуға өтінім қабылдау басталғанын жариялады.

Ал 1 қыркүйек күні 12 финалистің есімі белгілі болды. 26 қыркүйекте «Junior Eurovision» байқауының финалында Қазақстан атынан кім қатысатыны анықталады.

«Хабар» агенттігі және байқаудың ұйымдастыру комитеті өз тарапынан - Еуропалық хабар тарату одағының шешімін толық қолдайды, біз үшін де қатысушылардың денсаулығы әрдайым бірінші орында. Біз байқау форматының өзгеруіне қарамастан, Қазақстанның намысын қорғайтын қатысушы өзінің жоғары кәсіби деңгейін көрсететініне сенімдіміз. Сайыскердің өз туған жерінде өнер көрсетуі және барлық қазақстандықтардың қолдауы қатысушы жүрегіне сенімділік ұялататыны сөзсіз», - дейді «Хабар» телеарнасының директоры және ұлттық іріктеу қазылар алқасының мүшесі Динара Бисембина.

Естеріңізге сала кетейік, аталмыш байқауға Қазақстанның осымен үшінші мәрте қатысуы - «Хабар» агенттігінің 2016 жылдан бері Еуропалық хабар тарату одағының (ЕВU) қауымдасқан мүшесі атануының арқасында мүмкін болып отыр. Биыл байқаудың өтуіне Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі қолдау көрсетті.

Айта кетейік, байқауға 9 жастан 14 жасқа дейінгі орындаушылар қатыса алады.

2018 жылы байқауға Данэлия Төлешова «Өзіңе сен» әнімен қатысып, алтыншы орынға ие болды. Былтыр Ержан Максим «Арманыңнан қалма» әнімен екінші орын алды (қазылар алқасының шешімі бойынша - бірінші орын).

Қазақстанның барлық өңірінен 684 өтінім келіп түсті. Бастапқы кезеңде ұйымдастырушылардың музыкалық департаменті 72 өтінімді іріктеп алды. Олардың арасынан қазылар алқасы 30 қатысушыны таңдап алды, көрермендердің онлайн дауыс беру нәтижесі бойынша 12 финалистің есімі белгілі болды.


Соңғы жаңалықтар