Junior Eurovision байқауына Қазақстан атынан 12 жасар Қарақат Башанова қатысады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Польшада өтетін Junior Eurovision-2020 байқауына Қазақстан атынан қатысатын жеңімпаз анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Хабар» агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгін «Хабар» арнасының тікелей эфирінде «Junior Eurovision 2020» халықаралық ән байқауының ұлттық іріктеуінің финалы өтті. Байқауда Алматы облысы Рысқұлов ауылынан келген Қарақат Башанова жеңіске жетті.

Жас әнші әкесіне арналған «Forever» әнін орындады. Композицияны өткен жылы Junior Eurovision-де өнер көрсеткен Ержан Максимнің «Арманыңнан қалма» әнінің авторы Хамит Шанғалиев шығарды. Қарақат көрермендердің және қазылар алқасының дауыс беру нәтижелері бойынша жеңімпаз деп танылды. Енді Қарақат Қазақстанның атынан халықаралық гранд-финалда өнер көрсететін болады.

Ұлттық іріктеудің финалына еліміздің түкпір-түкпірінен келген он екі бала қатысты. Олардың арасында Сайполда Ислам (11 жас, Нұр-Сұлтан), Бурханова Адия (12 жас, Алматы), Жұмажан Айдана (14 жас, Алматы), Манарбекқызы Ақжібек (14 жас, Нұр-Сұлтан), Маким Жан (11 жас, Алматы), Мукитанова Айым (13 жас, Көкшетау), Ғазизқызы Камила (13 жас, Нұр-Сұлтан), Алтынбекқызы Сания (13 жас, Семей қ.), Тұрсынова Махинур (14 жас, Алматы қ.), Кусанова Нұршат (10 жас, Атырау), Тілеубек Әйкерім (13 жас, Нұр-Сұлтан) және Башанова Қарақат (12 жас, Алматы облысы Талғарауданы Рысқұлов ауылы) бар.

Гала-концертте финалистер еліміздің танымал композиторларының арнайы жазған авторлық әндерімен өнер көрсетті. Үміткерлерді таңдаған қазылар алқасының құрамында «Қазақконцерт» мемлекеттік концерт ұйымының директоры Жеңіс Сейдоллаұлы, «Хабар» телеарнасының директоры Динара Бисембина, әнші-композитор Қайрат Баекенов, Димаш Құдайбергеннің саундпродюсері Ерлан Бекчурин, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының деканы, продюсер Бағым Мұхитденова және халықаралық музыка байқауларының жеңімпаздары - Жанар Дұғалова, Әміре, Dinaya және Мәди Сыздықов болды.

«Junior Eurovision-2020» ұлттық іріктеуі 4 кезеңде өтті. Қазақстанның барлық өңірінен барлығы 684 өтінім келіп түсті. Екінші кезеңде қазылар алқасы 30 қатысушыны таңдап алды, олардың арасынан онлайн дауыс беру нәтижелері бойынша 12 финалистің есімдері белгілі болды.

«Junior Eurovision» байқауының финалы 29 қарашада онлайн форматта өтеді. Әлемнің 13 елінен 9-14 жас аралығындағы жас вокалистер бақ сынайтын болады. Қазақстан сайысқа үшінші рет қатысады. Еліміздің айтулы шараға қатысуы «Хабар» Агенттігінің 2016 жылдан бері Еуропалық хабар тарату одағының (ЕВU) қауымдасқан мүшесі атануының арқасында мүмкін болып отыр.

Биыл байқаудың өтуіне Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі қолдау білдірді.


Соңғы жаңалықтар