Junior Eurovision-2022 байқауына Қазақстаннан Давид Чарлин қатысады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Junior Eurovision 2022 халықаралық ән байқауында Қазақстан намысын Давид Чарлин қорғайтын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Хабар» агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Junior Eurovision 2022 халықаралық ән байқауының Гранд-финалы 11 желтоқсан күні Армения астанасы Ереван қаласында өтеді. Өнер бәйгесінде Қазақстан намысын биыл «Baqytty Bala-2022» IV халықаралық байқауының финалисі Давид Чарлин қорғайды. Қазақстандықтар тікелей эфирді 11 желтоқсан, сағат 21:00-де «Хабар» телеарнасынан тамашалай алады.

Давид Чарлин жоба үшін арнайы жазылған «Жер-Ана» атты композицияны орындайды.

Айта кетейік, Қазақстан Junior Eurovision әлемдік ән додасына осымен бесінші мәрте қатысады. Бұл жолы елімізден басқа еуропалық 15 мемлекеттің жас әншілері бақ сынайды.

Байқау нәтижесі ұлттық жюридің бағалауы және орталықтандырылған ғаламдық онлайн-дауыс беру (көрерменнің) қорытындысы бойынша шығарылады. Қазақстандық өнерпаздар ұлттық жюриден ең жоғарғы баға алғанымен, онлайн-дауыс берудегі белсенділіктің төмендігінен бас жүлдені иелене алмай келеді. Мәселен, 2019-2020 жылдары Ержан Максим мен Қарақат Башанованың елімізге жеңіс сыйлауына онлайн түрде берілетін санаулы ғана дауыс жетпей қалған болатын. Сондықтан ұйымдастырушылар отандық өнерпазымызға онлайн-дауыс беруде белсенді болуға шақырады.

Давид Чарлинге дауыс беру үшін: https://junioreurovision.tv/ немесе https://jesc.tv/ сілтемелері арқылы сайтқа кіру; тізімнен Давид Чарлинді таңдау; «Дауыс беру» батырмасын басу.

Дауыс берудің алғашқы кезеңі Астана уақыты бойынша 10 желтоқсан күні сағат 01:00-ден басталып, 11 желтоқсан күні сағат 20:59-да аяқталады. Екінші кезеңде дауыс беру Астана уақытымен 11 желтоқсан күні барлық қатысушылар өнер көрсетіп болғаннан кейін 15 минутқа ғана қайта жалғасады.

Еске салсақ, 2018 жылы бұл байқауға Қазақстан атынан алғаш болып жас әнші Данелия Тулешова қатысып, 6-орын иеленген болатын. 2019 жылы жалпы дауыс беру нәтижесінде Ержан Максим 2-жүлделі орынға ие болды. 2020 жылы Қарақат Башанова да 2-орынға табан тіреді. Былтыр Қазақстаннан Бекнұр Жәнібекұлы мен Әлинұр Хамзин қатысып, 19 елдің ішінен 8-орынға тұрақтаған болатын.


Фото: ortcom.kz

Соңғы жаңалықтар