Junior Eurovision-2021: Әлинұр мен Бекнұрдың бала тілегі

None
None
ПАРИЖ. ҚазАқпарат - Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келген «Балалар Евровидениесі-2021» байқауының финалында еліміздің намысын қорғайтын Бекнұр Жәнібекұлы мен Әлинұр Хамзин де қазақстандықтарды ұлық мерекемен құттықтайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Балақайлар қазір осы жексенбіде өтетін ақтық мәреге қызу дайындық үстінде. Бірақ ойын баласы болғандықтан бой сергітуге де уақыт табады. Конкурсқа қатысушыларға санитарлық шектеулерге байланысты сыртқа шығуға рұқсат жоқ. Сондықтан олар қонақ үйдің фойесінде достарымен ойын ойнап, шетелдіктерге Қазақстан туралы мағлұмат беріп жатыр. Арасында үстілеріндегі ұлттық ою-өрнегі бейнеленген костюмдерін көрсетіп, қазақтың бай мәдениетімен мақтанып та қояды. Байқауға қатысудың өзі жеңіс, бірақ бірінші орын алсақ, Тәуелсіздік күніне үлкен сый болар еді дейді олар.

«Біз осы тәуелсіздіктің арқасында Бекнұр екеуіміз дүниежүзілік Junior Eurovision-2021 байқауына қатысып жатырмыз. Бұл біз үшін, бүкіл Қазақстан үшін үлкен мәртебе. Сондықтан біздің тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!» дейді байқау қатысушысы Әлинұр Хамзин.

«Қазақстанның тәуелсіздік күні құтты болсын! Мемлекет ретінде берекелі ғұмыр кешуімізді тілеймін. Ия, меніңше, біз осы жексенбіде өтетін «Балалар Евровидениесі-2021» ән байқауында жеңіске жетеміз деп ойлаймын», дейді тағы бір дуэт мүшесі Бекнұр Жәнібекұлы.

Балалар Евровидениесі-2021 байқауының жеңімпазы қазылар алқасының ғана емес, көрермендердің де дауыс беруі арқылы да анықталады. Бүгін түн жарымынан бастап, жексенбіге дейін junioreurovision.tv сайтына кіріп, үш сайыскерге, оның ішінде қазақстандық дуэтке дауыс беруге болады. Ал жексенбі күні «Хабар» арнасынан көрсетілетін байқаудың соңғы әні орындалып болған соң 15 минут ішінде тағы да Бекнұр мен Әлинұрды қолдауға мүмкіндік туады.




Соңғы жаңалықтар