Junior Eurovision 2018: Жеңімпаз қалай анықталады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы қаласындағы «Halyk Arena» стадионында «Балалар Евровидениесі» байқауына республикалық іріктеудің финалы өтеді. «Хабар» телеарнасы тікелей эфирде көрсететін шара барысында көрермендер өздеріне ұнаған қатысушыға смс жолдау немесе телефонмен хабарласу арқылы дауыс бере алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Финалда өңірлік іріктеулерден өткен 10 қатысушы алғаш рет мыңдаған көрерменнің алдында ән айтады. Майя Бекбаева, Нұрсұлтан Құрман, Марат Оралғазин және Еркебұлан Мырзабек жүргізетін кеш барысында өнерпаз балалардың өнерін әділқазылар алқасы да бағалайды.

Дегенмен, жеңімпаз көрермендер мен әділқазылардың ортақ шешімі негізінде анықталатын болады. Ал әділқазылар құрамында танымал кәсіби әншілер мен продюсерлер Роза Рымбаева, Мейрамбек Беспаев, Тамара Асар, Бағым Мұхитденова, Ерке Есмахан, Қайрат Нұртас, Ренат Ғайсин, Ләйлә Сұлтанқызы, Мәдина Сәдуақасова және Димаш Құдайберген бар.

«Балалар Евровидениесі» байқауына республикалық іріктеу финалының гала концерті «Хабар» телеарнасында тікелей эфирде кешкі сағат 18.30-20.00 аралығында болады. Одан кейін 30 минут дауыс беру шарасы өтеді. Ал сағат 20.55-те тікелей эфирде жеңімпаздың есімі жария етіледі.

Айта кетейік, «Junior Eurovision Song Contest» халықаралық ән байқауы алғаш рет 2003 жылы Копенгагенде (Дания) 16 елдің қатысушысы арасында өтті. Телекөрермендер мен қазылар алқасының жеңімпазды бірлесіп анықтауы 2008 жылдан бастап енгізілді. Оған дейін көрермендер тікелей көрсетілім кезінде дауыс беретін. Әр жылдары Бельгия, Румыния, Нидерланды, Кипр, Украина және т.б. елдер ұйымдасты болды. Ал Ресей, Грузия, Беларусь және Мальта екі рет жеңіске жетті. 2017 жылғы Тбилисиде өткен байқауда «Wings» әнімен ресейлік 14 жастағы Полина Богусевич жеңімпаз атанды.

Биыл байқауға 19 ел қатысады. Олардың қатарында Албания, Армения, Австралия, Әзербайжан, Беларусь, Франция, Македония, Грузия, Ирландия, Израиль, Италия, Қазақстан, Мальта, Польша, Португалия, Ресей, Сербия, Нидерланды, Уэльс бар. Қазақстан мен Уэльс бұл байқауға алғаш рет қатысады.


Фото: www.esc-plus.com

Соңғы жаңалықтар