Jibek Joly: «Жаңа уақыттың» жаңа студиясында Ақпарат министрі сұхбат берді

None
Видеодан алынған кадр
АСТАНА. ҚазАқпарат – Jibek Joly телеарнасының «Жаңа уақыт» ақпараттық-сараптама бағдарламасы жаңа студиядан ақпарат тарата бастады. Заманауи техникамен жабдықталған студияның алғашқы қонағы – Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңа студиядағы сұхбат барысында сала басшысы министрлік тарапынан жақында «Наурыз» байқауын өткізуге дайындалып жатқанын атап өтіп, ведомство жанынан ашылған «MediaLab» орталығының жұмысы туралы айтты.

«Наурыз – мерекелер айы, алдымызда 8 наурыз – ханымдар мерекесі келе жатыр. Осы орайлы сәтте аяулы аруларымызды, қыз-келіншектерді көктемнің көркем мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Наурыз – түркі әлеміне, мұсылман әлеміне ортақ. Сондықтан осы наурыз атауын брендке айналдыру үшін телехикаялардың арнайы байқауын жарияладық. Бұл бұрын «Тұмар» жүлдесінің құрамында болатын. Қазір «Тұмардан» алып, жеке байқау ретінде жариялап отырмыз. Ондағы мақсатымыз – отандық телесериалдар контентін байыту, оларға жаңа серпін беру, Қазақстанды аймақтағы сериалдардың жаңа платформасына айналдыру. Соңғы жылдары елімізде түсірілген сериалдардың сапасы мен саны артқаны белгілі. Сондықтан «үздік актер», «үздік режиссер», «үздік саундтрек», «үздік музыка» деген сияқты түрлі жанрлар бойынша үздіктерді анықтайтын боламыз«, деді министр.

Оның айтуынша, «MediaLab» жобасы да жыл басында іске қосылған. «Алғашқы жұмысымыз – ел өңірлеріндегі баспасөз хатшыларын жинап, екікүндік семинар өткіздік. Екіншісі – «Еліміздегі журналистика факультеттерінде қалай маман даярлану керек?» деген тақырыпта жиын өткіздік. Ай сайын тұрақты түрде еліміздің медианарығына қатысты шаралар өтіп тұрады. Өйткені бұған қажеттілік бар. Заңмен бірге медиасауаттың да артуы өте маңызды. Ақпараттық соғыс, сын-қатер көбейген сәтте біздің пресс-хатшыларымыз да халықпен байланыста көпір болуы керек», - деді Дархан Қыдырәлі.

Сонымен бірге министр қоғамда қызу талқыға түскен «Масс-медиа туралы» заңға да тоқталды.

«Мұнда бір емес, бірнеше заң жобасы бар. Соның ішінде әуелі, «Ақпараттық доктрина» маңызды. Қазір Үкімет Қаулысымен Президент Әкімшілігіне ұсынылған. Онда ақпарат қауіпсіздігі, сөз бостандығы сияқты негізгі ұғымдарды ашып көрсету көзделген.

Одан кейінгі заң жобасы – «Масс-медиа туралы» заң. Масс-медиа ұғымының ауқымы кең, оның ішіне бәрі кіреді. Мұнда көптеген жаңалықтар бар, қаржыландыруды ашық көрсету, субсидиялау, грант беру, журналистердің жұмысын жеңілдету, отандық контентті қолдау, ақпарат кеңістігін қорғау сынды мақсаттарымыз бар. Ол бойынша талқылаулар әлі болады, заң жобасы Мәжіліске барады. Сонымен қатар ақпаратқа қол жеткізуді жеңілдету жөнінде заң жобасы бар. Бұл журналистерге жауап беру мерзімін қысқартады, кешіккен шенеуніктерге шара қолданылады. Одан бөлек әзірленген заң жобасы – Онлайн платформа және онлайн жарнама жөнінде. Біздегі жарнама нарығын реттейтін, көптеген жаңалықтар әкелетін, мысалы блогер деген кім, оның жұмыс ауқымын айқындайтын жаңа заң жобасы болмақ», - деді спикер.

Сонымен бірге Дархан Қыдырәлі жуырда күшіне енген «Жастар саясаты туралы» заң жөнінде пікір білдірді.

«Жастарға байланысты көп жаңалық бар. Біріншіден, жұмыссыз жастардың NEET категориясы айқындалды. Мысалы бұрын жастардың ауылда қорасында бірнеше малы болса, жұмыссыз деп есептелмейтін. Қазір ол 4 санатпен айқындалады – оқуынан шығып қалған жастар, үйде отырған жастар, зиянды әдетке тәуелді жастар, уақытша жұмыссыздар. Енді оларды жұмыспен қамту индикаторы әкімдердің KPI-ына әсер ететін болады. Жастар бұрын 29 жасқа дейін бағдарламалардың игілігін көрсе, енді 35-ке дейін баспана мәселесі, гранттар секілді түрлі бағдарламаларға қатыса алады», - деді Ақпарат министрі.


Соңғы жаңалықтар