Jibek Joly көрерменін жаңа жыл кешінде қандай қызықтар күтіп тұр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Jibek Joly телеарнасы жаңа жыл мерекесіне орай көрерменге бірқатар жобаны ұсынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін адамзат жаңа 2023 жылды қарсы алады. Адамдар мерекеге ерекше көңіл-күймен дайындалып, отбасымен бірге болады. Жаңа жыл мерекесі Қазақстанда да тойланады.

Еліміздегі жаңажылдық дәстүрдің бірі – теледидардан мерекелік бағдарламаларды тамашалау. Осы орайда Jibek Joly телеарнасы қазақстандықтарды жаңа жыл мерекесімен құттықтай отырып, бірнеше жобаны ұсынады.

Атап айтқанда, Jibek Joly телеарнасының ұйымдастыруымен бүгін сағат 20:30-да «Жақсы адам-2022» жаңажылдық сыйлығы табыс етіледі.

«Жақсы адамдарым» тележобасының мақсаты – жыл бойына әр салада жетістікке жеткен, ел ықыласына бөленген, қайырымдылық жасап, әлеуметтік желіде танымал болған жандарға құрмет көрсету. Сондай-ақ ерлік жасаған азаматтарды көпшілікке үлгі ету, насихаттау.

Аталған бағдарламаның жүргізушілері елімізге танымал өнерлі жұп – Қыдырәлі мен Қарақат.

Халық батырларын отандық эстрада жұлдыздары құттықтап, ән-шашу арнайды. Сонымен қатар «Жақсы адам -2022» номинациясына ие болған жандарға 1 млн теңгенің сертификаты беріледі.

Бұдан бөлек, көрерменді сағат 18:10-да елімізге танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың мерекелік кеші күтіп тұр. Өнер иесінің сахнада жүргеніне 20 жыл толды. Осы орайда Т. Қабатов қазақстандықтарды әзіл әлеміне шақырады.

Jibek Joly телеарнасы дайындаған тағы бір сый түнгі сағат 23:00-де Нұрлан Қоянбаевпен «Түнгі студия» телешоуы. Отандық жұлдыздардың қатысуымен түсірілген мерекелік шығарылымда ән-думан, әзіл мен қызықты ойындар көрсетіледі.


Соңғы жаңалықтар